«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Адал жүрек» ізгілікке үндейді

0 44

Нұр-Сұлтан қаласында «Адал жүрек» қайырымдылық марафоны ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға 1500-ден аса астаналықтар мен қала қонақтары қатысты.

«Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті және Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасымен бірлесіп өткізген қайырымдылық жүгіруге қатысушылардан ерікті түскен жарна қаражаты онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың емделуіне жұмсалатын болады. Қайырымдылық шараға қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басшысы, Олимпиада ойындарының чемпионы Серік Сәпиев қатысушыларға сәттілік тілеп, осындай ізгілікке бағыттал­ған спорттық шараларға қолдау біл­діретінін айтты. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары ­Бақтияр Мәкен «Көмекке зәру балалардың мүддесін көздейтін осындай іс-шараларды ұйымдастырғанымыз – бұл біздің үлкен жеңісіміз. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі осындай мақсатты көздейтін қоғамдық бастамаларды қолдайды әрі көмек көрсетуге әзір екенін айтқым келеді. Балалардың күлкісі мен олардың болашаққа деген сенімі бәрінен қымбат. Сондықтан бастама көтерушілер мен ұйымдас­тырушыларға ризашылығымызды білдіреміз» деп тілегін жеткізді.
Ал жүгіруге қатысқандар арасында 68 жасар Нұрғали Нарабаев пен 64 жастағы Ирина Мұстафинаға көпшілік құрмет білдірді. 6 жастағы Әзиза мен 5 жастағы Асадолла да қайырымдылық жасаушылардың қатарынан көрінді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды