«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

АБЫР-САБЫР АУЛА

0 4

Төрт қабырғадан тарыққанда тысқа шығып, таза ауамен тыныстап, бой сергітетін бірден-бір орын – ол аула. Астанадағы аулалардың жағдайы қалай?

Астанадағы аулаларға аудан әкімдіктері жауапты екен. Сондықтан әр ауданға тиесілі аулалар туралы ақпаратты бөлек-бөлек беруді жөн көріп отырмыз. Бұл
жолы нысанамызға Есіл ауданының аулалары түсіп отыр.
– Есіл ауданы әкімдігінің «Абаттандыру және елді мекендерді жасылдандыру» бағдарламасы аясында жыл сайын аула территорияларына жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Ал «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы бойынша Есіл ауданында аула ішіндегі жолдарға асфальт төсеу, тротуарлар салу, гүлзарларды декоративті қоршауға алу, әртүрлі жастағы балаларға арналған кіші сәулетті пішінді алаңдар мен спорт алаңдарын салу сияқты жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, – дейді Есіл ауданы әкімі аппараты абаттандыру бөлімінің басшысы Абзал Қалиев.
2012-2016 жылдар аралығында аталмыш аудандағы 118 көп қабатты тұрғын үйді қамтитын 58 аула абаттандырылып, онда 42 спорт алаңы салыныпты. Ал өткен жылы 11 тұрғын үйді қамтитын 5 аулаға қалыпқа келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, онда 5 балалар және 4 спорт алаңы салынған екен. Ендігі кезекте Есіл ауданындағы 40 ауланы жөндеу жұмыстары жоспарда тұрғанын айтады мамандар. Оның 15-іне пандус салынбақ.
Жалпы, Есіл ауданында 268 аула бар екен. Соның бірі – «Номад» тұрғын үй кешенінің ауласы. Мұндағы аула барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Әртүрлі жастағы балаларға арналған ойнау алаңы мен футбол алаңы – жасөспірімдердің құзырында. Бүлдіршіндер әткеншек теуіп, түрлі ойынның қызығына батқанда, баласын ойнатуға шыққан ата-ана да босқа тұрмай, жаттығу жасайды. Таяғына сүйенген қария­лар да қау­қылдасып, абыр-сабыр әңгіме-дүкен құруда. Сол сияқты бұл жердегі белтемір мен қоссырық маңын торуылдаушылар қарасы да қалың. Сонымен қатар, аулада орындықтар мен қоқыс жәшіктері де көптеп қарастырылған. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін табылатын бұл ауланың тіршілігі қауырт. Мұнда демалудың өзі бір ғанибет екенін айтады тұрғындар. Бірақ бес саусақтың бірдей еместігі сияқты аталмыш аудандағы барлық ауланың жағдайы дәл бұлай емес, әрине. Ал сіздің аулаңыз көңіл көншіте ме?

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 1 =