«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Газет туралы

Елордада басылып, барша республикаға таралатын қазақ тілді басылым – «Астана ақшамы» газетінің жарық көре бастағанына отыз жылға таяды. Осы жылдар ішінде ол өсу-өркендеу кезеңдерінен өтіп, қаланың тыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін қалың бұқараға жүйелі жеткізуші ғана емес, ел руханиятындағы, халық тағдырындағы өзекті мәселелерге үн қосатын мазмұны байыған, ойы кемелденген басылымға айналды

Бүгінде саяси, тарихи, танымдық мақалалар қатары көбейіп, мәдени-рухани дүниелерімен оқырмандарын сүйсіндіріп келе жатқан газеттің қалыптасу жылдарына көз жүгіртсек, 1990 жылдың 13 қазанынан бастап алғашында «Ақмола ақиқаты» деген атпен аптасына бір рет жарық көрген басылым  1998 жылдың қаңтарында – «Ақмола ақшамы» сәл кейін «Астана ақшамы» атанып, республикалық қоғамдық-саяси газет мәртебесіне ие болды.

Патша көңілді оқырманның  ұдайы үдесінен шығуға ұмтылатын басылымның қол жеткізген жетістіктері де бір төбе. Соның бір дәлелі – 2002 жылы «Астана ақшамы» газеті Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанды. Бірнеше журналисі халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты болды.

Осы жылдар ішінде аптасына 3 рет жарық көретін газеттің танымалдығы артып, таралымы көбейді. Оған ұжымда әр жылдарда еңбек еткен қаламы жүйрік журналистермен қатар, тұрақты авторлар  – елімізге белгілі тұлғалар – қайраткерлер, ғалымдар, қаламгерлер Өмірбек Байгелді, Оралбай Әбдікәрімов, Мырзатай Жолдасбеков, Алдан Смайыл, Несіпбек Айтұлы, Серік Тұрғынбекұлы, Жамбыл Артықбаев, Диқан Қамзабекұлы, Бауыржан Омаров, Зиябек Қабылдинов, Ерлан Арын, Кәрібай Мұсырман және басқалардың ықпалы аз болған жоқ.

Сондай-ақ, газетті әр жылдары басқарған Кенже Жұмағұлов, Жұмагүл Саухат, Мағжан Садыханов, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қаменов  сияқты бас редакторлардың да еңбегі бір төбе.

Қазір газет редакциясын  тәжірибелі журналист, Қазақстан Перзиденті сыйлығының иегері, Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері  Еркін Қыдыр басқарады.

Еліміздің ақпарат кеңестігінде өзіндік салмағы, орны бар бас қаланың  бас басылымы кейінгі кезде жаңа құрылымдық өзгерістермен қатар, шығармашылық ізденістерімен де болашаққа жаңа міндеттер белгіліп отыр.

astana-akshamy.kz