«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Абаттандыру қарқыны бәсеңдемеуі тиіс

0 49

Жаңа туристік маусым қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі маңызды нысандар – теміржол вокзалдарының жұмысымен танысты. Вокзалдар маңайын «Сергек» камерасымен жабдықтауды тезірек аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар қала ішіндегі бірқатар демалыс орындарын тексеріп, заңсыз такси жүргізушілер мәселесін талқылады.

Әкім қаланың абаттандыру жұмыстарымен танысу барысында Республика даңғылы мен Ы.Дүкенұлы көшесінің қиылысындағы «Иллюзия» алаңында болды. Бақыт Сұлтанов Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының жұмысын сынға алып, саябақты Сарыарқа ауданы әкімдігінің балансына ауыстыруды, оны жөнге келтіріп, жасыл желекті жолдан әрі қарай төсеуді тапсырды. Бұдан басқа, қала әкімі Ы.Дүкенұлы көшесіндегі сүрілген тұрғын үйлердің орнын тексеріп, жауапты мекеме өкілдерімен көшені жөндеу мәселелерін талқылады. Әкімге хабарлағандай, бұл көшенің жалпы ұзындығы 1,9 шақырымды құрайтын Бейбітшілік көшесінен Фурманов көшесіне дейінгі аралығы жөндеу жұмыстарын жобалау сатысында екен. Жалпы, бұл маңайда 24 гаражды және алты жеке үйді бұзу көзделген. Әкім сондай-ақ «Ақылды аудан» жобасы іске асырылып жатқан «Жастар» ықшам ауданын аралап, Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Қаналимовпен аулаларды абаттандыру және жолдарды жөндеуге қатысты мәселелерді талқылады. Қала басшысы аудан әкіміне абаттандыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. Б.Сұлтанов «Отан қорғаушылар» ескерткіші алаңында болды. Әкімнің тапсыруымен мамыр мерекелеріне дейін осы аймақта ағымдағы жөндеу жұмыстары, ал жылдың соңына қарай күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілетін болды. Әкім сонымен бірге Ботаникалық баққа барып, Есіл ауданының әкімі Төлеген Закарьяновқа аумақты абаттандыру, қалалық сенбілікті ұйымдастыру және көгалдандыру маусымына да­йындықты талқылап, бірқатар міндет жүктеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды