«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Абайтанушы ақынмен кездесті

0 21

Жуырда өзім ұстаздық ететін №38 мектеп-лицейде хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры, абайтанушы ­Алмахан Мұхаметқалиқызымен кездесу кешін өткіздік.

Бойынан жыр құйылып тұрған ақын апайымыздың «Жансая», «Тылсым сыры», «Жыр-ғұмыр» атты жыр жинақтары, сонымен бірге «Шәкәрім», «Қан мен тек», «Құрсақсыз ана» поэмалары ел арасында кең таралған. Ол шығармашылықпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. Елордамыздың қақ төрінен «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығын ұйымдастырып, астана тұрғындары мен қала қонақтарын ұлы ақынның рухани мол мұрасымен сусындатудағы ерен еңбегін халқымыз мақтан тұтады.
Кеш барысында шәкірттер хакім Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Ойға түстім, ой салдым», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңдері мен «Отыз бірінші қара сөзін» мәнерлеп жатқа оқыды. Ал мектебіміздің информатика пәні мұғалімі Қадырғазы Мұқанов Абайдың «Сегіз аяқ» әнін шырқап, көрермендердің ризашылығына бөленді.
Өз сөзінде Алмахан Мұхамет­қалиқызы биылғы Жастар жылы аясында шығармашылық өнерге бейімі бар талантты оқушылардың басын қосып, ақындық өнерге баулу ниеті бар екенін жеткізді. Кеш соңында оқушылар мен мұғалімдерге өзінің «Бөтен бір ой айтқым келеді» атты өлеңдер жинағын сыйға тартты.

Маулетқали РАХЫМБАЕВ,
№38 мектеп-лицейдің

қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі,
ҚР білім беру ісінің үздігі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды