«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Абайлаңыз, балалар!

0 162

Жаңа оқу жылы қарсаңында  Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі жүргізушілерді жолда абай болуға шақырады.

018

Әсіресе, баланың қауіпсіздігіне ұқыпты болып, арнайы қондырғыларды қолдануға кеңес береді.
Жолда көлік қандай да бір апатқа ұшыраса, үлкендерден гөрі бұғанасы әлі қатпаған бала көбірек зардап шегеді. Тіпті автомашина оқыстан тежегішті басса да, бала жарақат алуы мүмкін. Осы жерде баланы ұстау құралының пайдасы көп екені айтпасақ та түсінікті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының мәліметі бойынша мұндай қон­дырғылардың болуы жол апаты кезіндегі бала өлімін – 54 пайызға, жарақат алуын – 76 пайызға, денсаулығына ауыр зиян келтіруді 92 пайызға азайтады екен.
ІІД Жергілікті полиция қызметінің инспекторы Ләззәт Бисембаеваның айтуынша, 12 жасқа дейінгі балаларды тек арнайы ұстау құрылғысымен немесе қауіпсіздік белдігі, көлік құралының конструкциясында көзделген өзге де құралдар болған кезде ғана көлікте алып жүруге болады. Ал механикалық көлік құралының алдыңғы орын­ды­ғын­да балаларды арнайы ұстау құрыл­ғысы болмаса, отыр­ғызуға болмайды. Заңның осы талабын бұзған­дарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Жыл басынан бері ережені елемеген 520-дан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.
Әрине, бәріміздің барымыз да, бағымыз да – баламыз. Сондықтан көліктегі ең қадірлі жолаушымыздың қауіпсіздігі бәрінен де жоғары тұруы керектігін жүргізушілер әрдайым есте сақтағаны ләзім.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды