«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

АБАЙДЫҢ ТУҒАН КҮНІ: 10 ТАМЫЗ, ӘЛДЕ 23 ТАМЫЗ БА?

0 172

Қазіргі қоғамда ұлы Абайдың туған күніне қатысты жұрттың пікірі екіге жарылып тұр. Хакім дүниеге келген күн ретінде екі дата – 10 тамыз бен 23 тамыз аталады. Осыған орай жыл сайын осы күндері тұлғаның өмірі мен шығармашылығына қатысты әртүрлі шаралар өтіп жатады. Елорда әкімдігіне қарасты «Руханият» мекемесі осыны біріздендіру мақсатында Достық үйінде дөңгелек үстел мәжілісін ұйымдастырды. Оған шақырылған зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер мен ғалымдар Абайдың туған күні турасында түрлі деректерді келтірді. Көпшілік 23 тамыз болуы керек деген тоқтамға келді. Сонда айтылған уәждер төмендегідей болды.

Сұлтан ОРАЗАЛЫ, белгілі қаламгер, қоғам қайраткері:

– Ұлы Абайдың туған күні дегенде ең алдымен хакімнің көзін көрген, оның қасында талай жыл жүрген Әрхам Кәкітайұлының естелігіне жүгінеміз. Сонда ол ойшылдың дүниеге келген күні ретінде 10 тамызды көрсетеді. Бірақ Осы датаның жанына «ескіше» деген сөзді де қосып жібереді. Осы бір ғана сөзге бола жұрт шатаса бастайды. Қазақ Совет энциклопедиясында, одан соң Қазақстан энциклопедиясында да Абайдың туған күні ескіше – 29 шілде, жаңаша – 10 тамыз деп жазылған. Мұны өте дұрыс дерек деп есептеймін.
Екіншіден, Жидебайдағы Оспанның төрт құлақты зиратын Абай өз қолымен салдыр­ған. Бұл зират өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін болды. Соның басына жүрек секілді малтатас қойылған. Онда Оспанның туған күні мен қайтыс болған күнін пышақтың ұшымен Абай өзі қашап жазған. Осыдан-ақ оның осындай мәселеге қатты мән бергені байқалады. Бұл малтатас қазір Абай музейінде тұрған болуы керек. Оспан шыжыған шілде айында өмірден өткен. Сол себептен Абай оның сүйегін Ақшоқыға жеткізе алмай, Жидебайға жерлеген. Кейіннен інісінің қасынан өзі дамыл тапқан.
Мұхтар Әуезов 1940 жылы Алматыда Абайға құлпытас жасатқан. Мұны Абайдың 100 жылдығынан біраз жыл өткеннен кейін әкеліп, басына қойдырған. Құлпытасқа Абай 10 тамыз күні дүниеге келді деп жаздыр­ған. Сондықтан Абайдың туған күнін енді көкпарға айналдырмай, бұл датаға тоқтауымыз керек. Осы уақытқа дейін, 100, 125, 140, 150 жылдықтары 10 тамызда тойланды. Оны 23 тамызға жылжытқаннан ешқандай пайда таппаймыз.

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ, ақын, абайтанушы:

– Абайдың туған күні ретінде 10 тамыз деген дата халық санасына сіңіп қалған. Әрхам «ескіше 10 тамыз күні дүниеге келді» деп жазады ғой. Ал Әрхамның әкесі Кәкітай Абайдың өмірдерегін тұлғаның өзінің тапсырмасымен жазады. Сонда «Абай жылан жылы, мал күзеуге түсетін кезде туған» деген деректі алдымызға тартады. Мал күзеуге түсетін кез, бұл – тамыздың соңы. Өзім кезінде мына жайтқа куә болдым: 1992 жылы Абайдың 150 жылдығы әлемдік деңгейде тойлануға бекітілген кезде ЮНЕСКО көлемінде мерейтойды қай күні атап өтеміз деген мәселе туындады. Өйткені бұған дейін ғалымдар Әрхамның дерегіне сүйеніп, хакімнің туған күні 23 тамызда деп айтып, жазып жүрді. Қайым Мұхамедхановтың Абайдың дүниеге келген күні жайлы зерттеу мақалалары бар. Бірақ 10 тамыз бен 23 тамыз таразы басына түскенде, «той кезінде 10 тамызда өтіп еді, бұл да бір тарихи күн» деген тоқтам жасалды. Ал енді Кәкітайдың дерегінен басқа қандай дерек керек? Сондықтан 23 тамызға тоқтауымыз керек деп есептеймін. Осы күнді ресми түрде құжат жүзінде бекітіп алуымыз қажет.

Қуат ҚИЫҚБАЙ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми қызметкері:

– Қорық-музей Абайдың туған күнін 23 тамызда атап өтеді. Мекеменің нақты ұстанған позициясы – осы. Әрхамның естелігіне күмәнмен қарауға болмайды. Неге десеңіздер, оның «Абайдың өмір жолы» атты естелігі бүгінгі абайтану ғылымына бірден-бір жол ашқан ғылыми еңбектердің бірі деп білеміз. Шыңғыстау өңірінде өмір сүрген шежіреші қарттардың естеліктеріне сүйенсек, шын мәнінде Абай туған Сырт Қасқабұлақ Құнанбайдың күзеуі болған. Кәкітайдың жазғаны, Әрхамның естелігі, Қайым Мұхамедхановтың «Ұлы ақын дүниеге келген және баз кешкен күн» деген мақаласындағы деректер де 23 тамызға келіп тіреледі. Алаш арыстары Абайдың туған күнін осы күні атап өтетін.

Ербол ТІЛЕШОВ,
«Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-­практикалық орталығының атқарушы директоры:

– Әрхамның естелігінен басқа қолымызда дерек жоқ. Әрхамға сенбейтін қандай хақымыз бар?! Ол – жай кездейсоқ адам емес қой, Кәкітайдың баласы. Ал Кәкітай – Абайдың өмірбая­нын жеткізген, шығармасын жинаған адамдардың бірі. Осы істің басында Кәкітай мен Тұрағұл тұр. Энциклопедия деген Құран ба екен? Қазақстан энциклопедиясынан миллион қате табуға болады. Бұл энциклопедияны әрі-беріден соң қайта бастырып шығару керек.
Әрхам бертінге дейін өмір сүрген, 1885 жылы туып, 1963 жылы қайтыс болған. «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін 1845 жылы, ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді. Атын арабша Ибраһим деп қояды» деп жазған Әрхам өзінің естелігінде. Енді осыдан артық қандай дерек керек?! Ескіше деп жазып тұр. Егер «ескіше» деген анықтауыш болмаса, біз бұл мәселені көтермес едік. 1918 жылы 26 қаңтарда халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Владимир Лениннің қол қоюымен, әлеммен бірдей болуы үшін жаңа күнтізбе енгізілді. Онда 31 қаңтардан кейін 1 ақпан болмай, 14 ақпан болады деп жазылған. Яғни, күнтізбе 13 күнге жылжытылды. Мәселен, Мұхтар Әуезов өзі жайлы мәліметінде «мен 15 сентябрь күні тудым» деп жазады. Кейіннен өз қолымен 28 қыркүйекке ауыстырып жібереді. Ол Абайдың туған күнін неге өзгертпеді? Өйткені Абайдың өмірдерегімен айналыспай, шығармашылығын зерттеді. Оның көркем бейнесін жасады.
Абайтанудың бүкіл жыртығын жамауға Әуезовтің өмірі жетпейтін еді. Сондықтан Әуезовке осы тұрғыдан қарауымыз керек. Ол Әрхамды білді. Абай ұрпақтарының Алашордамен байланысы болды. Жазушының өзі бұл партия қатарында болғанын білесіздер. Кейіннен Әлімхан Ермеков екеуі хат жазып, Совет үкіметін мойындады. Егер Әрхамның дерегін алса, өз басына қатер төнер еді. Ол да пенде ғой.
Семейде қазір Абайдың туған күнін 23 тамызда атап өтеді. Оразкүл Асанғазы астанаға Тілдерді дамыту басқармасының бастығы болып келгенде біз де бас қалада 23 тамызда атап өтетін болдық. Төкен Ибрагимов тірі кезінде осы шараға қатысатын. Осы кісі Абайдың туған күні 23 тамызда екенін дәлелдеген. Сондықтан осы датаны алуымыз керек. Абайдың 175 жылдығы бізге Абайды тануға үлкен серпін береді деп ойлаймын. Сондықтан той тойлауды ғана емес, Абайды тануды Абай арқылы қолға алайық.

RS: Жиында тарихшы ғалым Марат Әбсеметов, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлов, философ, абайтанушы Омар Жәлелұлы, жас ғалымдар Елдос Тоқтарбай, Алма Сайлауқызы, белгілі әнші Ерлан Рысқали, Ақмола облысы Аршалы ауданындағы Абай Құнанбайұлы атындағы орта мектеп директоры Халым Төлмеш тақырып бойынша ойларын өрбітті. Жас жеткіншек Ләйлімшырақ Ерланқызы хакімнің өлеңдерін оқып, Абайдың әні шырқалды. «Руханият» мекемесі осы тамыз айында Абайға арналған фестиваль өткізеді. Ғылыми экспедиция, тұлға өмірі мен шығармашылығына қатысты басқа да шараларды ұйымдастырады. Соның басы аталмыш дөңгелек үстел мәжілісі болды. 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды