«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Абай және Әлихан

немесе ТҰҢҒЫШ АБАЙТАНУШЫ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ

0 36


(Соңы. Басы газетіміздің №121 (3936) санында)

Әлихан еш айып-қылмыссыз Тұзқала-Омбы абақтыларында 4 ай отырып, 1906 жылы өзінің туған елі – Тоқырауын болысында сайлаушы (выборщик) болып сайланғаны мәлім болған соң, 30 сәуірде бостандыққа шығады. Абайтанушылардың кейбірі ұлт көшбасшысы Тұзқаладан Омбы абақтысына ауыстырылғанда, Абайдың қолжазбасы «жоғалыпты» деген ешбір айғақ-дәлелсіз жаңсақ болжам айтатын көрінеді. 1905 жылдан Ә.Бөкейханды бүкіл Дала өлкесі халқының «діни-саяси қозғалысының бірден-бір дем берушісі әрі жетекшісі» деп таныған генерал-губернатордың әкімшілігі оны абақтыдан босатар алдында оның паспортын «жоғалтқан» болып бірнеше күн ұстағаны рас. Абайдың қолжазба өлеңдері мен қара сөздерінің біразын орысшаға аудартып, «саяси астар» іздеп таба алмағаны тағы бар. Бірақ қолжазбаны «жоғалтуға» дәті бармады. Неге десеңіз, Әлихан Бөкейхан абақтыдан айыбы не қылмысы болмағаны үшін емес, сайлаушы болып сайланғаны үшін босатылды. Егер Әлихан Бөкейхан сайлаушы болып үлгермегенде, оны нақақтан-нақақ 4 ай түрмеде ұстаған Дала генерал-губернаторы «әкімшілік тәртіп» деген құйтұрқы баппен (Батыс Сібір генерал-губернаторлығы Дала генерал-губернаторлығы болып қайта құрылған 1882 жылы оның алғашқы генерал-губернаторы болған Герасим Колпаковский ешбір заңға сыймайтын, тек қазақтарды кемсітуді көздеген осындай «ереже» енгізіп, ол бойынша мыңдаған қазақ баласы, олардың ішінде әйгілі Науан қазырет Таласұлы мен оның шәкірті, І және ІІ Думаның болашақ депутаты Шаймерден Қосшығұлұлы да бар, тергеусіз-сотсыз «итжеккенге» айдалды. Әлихан Бөкейхан ол ереженің заңсыздығын әшкерелеп, Санкт-Петербург басылымдарына көп жазды және оны бұздыруға көп күш жұмсады) жер аударуды жоспарлап қойған-ды. Ал Мемлекеттік дума сайлауы туралы 1905 жылы шыққан ережеде Думаға сайланған депутаттармен қатар, сайлаушыларды да кісі өлтіруден басқа жеңіл қылмыстары үшін соттың үкімінсіз тұтқындауға болмайтын.
Әлихан Бөкейхан тұтқындалған 1906 жылдың қаңтарынан бастап Дала өлкесі облыстарында Алаш қозғалысы жетекшілерімен қатар, Географиялық қоғамның Семей бөлімшесі мүшелерін де қудалау басталды. Нәтижесінде Абай шығармаларының тұңғыш жинағы шықпай қалды. Қазақтан 12 депутат сайланған Мемлекеттік думаның І және ІІ шақырылымдары күштеп таратылып, ІІ Дума қуылған 1907 жылдың 3 маусымында ІІ Николай патша қол қойған сайлау туралы жаңа заң шығып, 5,5 млн қазақ халқы сайлау құқынан айырылысымен Алаш жетекшілерін қудалау өрши түсті. Оның ішінде Әлихан І Думаны таратуға наразылық білдіріп «Выборг үндеуіне» қол қойғаны үшін 3 ай түрме жазасына кесіліп, Семей түрмесінде 3 айдың орнына 8 ай отырып, 1908 жылдың желтоқсанында бостандыққа шықты. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының 1917 жылғы бір мақаласында атап көрсетілгендей (Байтурсунов А., сотрудник газ. «Казак» и член Тургайской областной гражданской управы, Дулатов М., сотрудник газ. «Казак» и член Тургайской областной гражданской управы. Наш ответ докладной записке [Алибия Жангельдина], напечатанной в №123 «Заря» от 5 сентября с.г./ «Южный Урал», 14.09.1917 г., №10. – Сс. 3-4.), Алты Алаш көсемі өзіне әбден өшіккен Дала генерал-губернаторы әлгі атам заманғы «әкімшілік тәртіп» бабымен «итжеккенге» айдайтынын сезіп, өз ықтиярымен алдымен Санкт-Петербургке, одан Самараға «эмиграцияға» кетті. Әлихан «қазақтың бас ақыны» Абай шығармаларының тұңғыш жинағын ешбір қиындықсыз Қазан не Уфа қалаларында басып шығарар еді. Бірақ туған Ұлы дала елінің отаршыл әкімшілігіне енді өзі әбден өшіккен Алаш көшбасшысы да ұлы ақынның тұңғыш жинағын отаршыл империяның төл астанасында жарыққа шығарды. Кітаптың өзінде жазылмаса да, жинақ Әлиханның «ыждаһатымен» шыққанын Абайдың «опатына дәл он жыл толуына» орай жазған «Абай» (Опат 23 иун 1904 жыл) атты мақаласында Міржақып Дулатұлы (мақалаға М.Д. деп қол қойған. – С.А.): «1909 жылы Абайдың балалары мен інілерінің ризалығы һәм Ғали ханның ыждаһатымен Абай кітабы Петербургте Бурагански баспаханасында басылып шықты» деп атап көрсеткен-ді. Одан бір жыл бұрын, тағы сол «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы Әлихан Бөкейханның «Семипалатинский листок» газеті мен «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела» жинағындағы мақаласындағы төмендегідей пікірін келтіреді: «Хақиқатты табуға, тереңнен сөйлеуге бойына біткен зеректіктің үстіне Абай һәм түрлі Еуропа білім иесілерінің кітаптарын оқыған. Тәржіме халін жазушы Ғали хан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай Спенсер, Луис, Дрейпер деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған» Әлихан «қазақтың жалғыз ақыны» Абайдың өзіне ғана емес, көзі тірісінде «ұстазым» дейтін Евгений Михаэлиске де дүние салғанда азанама мақаласын арнады. «1880 жылдарда көп орыс жұртын ілгері бастыру, өзге сүйреу жолында қызмет еткен жастан шет жерге жер аударылғанда, – деп жазды Қ.Б. (Қыр баласы) азанамасында, – Михаэлис біздің Семейге айдалып келіп, содан бері біздің қазақ жерінде қалған еді. Қазақтың жалғызы, ақыны Абайды тұра жолға салған осы Михаэлис еді. Абай өле-өлгенше менің көзімді ашқан, маған жанашырлық қылған Михаэлис еді деп айтып отырушы еді».
Әлихан елге Кеңес өкіметі үстемдігін орнатып, өзін 1922 жылдың желтоқсанынан бастап ОГПУ-НКВД-ның қатаң бақылауында Мәскеуде күштеп ұстаған кезінде де ұлы ақынды назарынан тыс қалдырмады. КСРО халықтарының кіндік баспасында қазақ бөлімінің редакторы қызмет атқарған жылдары ол өзінің елде қалған үзеңгілестеріне кім қандай кітап, қандай тұлғаның өмірбаяны мен шығармашылығын жазу керектігін, оның ішінде Абайды мектеп оқулығына кіргізуді А.Байтұрсынұлына тапсырып отырғанға ұқсайды. Мысалға, 1925 жылдың жазында Мәскеуден Ахметке жазған бір хатында ол: «Абай мен Алтынсарының баласы жөніндегі жазуыңды күзге дейін бітірсең де кеш емес. Нәзір де (Төреқұлұлы) Абай туралы жазбақшы. Мейлі жазсын» дей келіп, әрі қарай: «Алтынсарының баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң, жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе?! Егер ол қазір өмір сүрсе сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, оның ісін жасарың хақ» деп шәкірті әрі үзеңгілесін рухтандырады. Алайда А.Байтұрсынұлы «қадірлі Әли» ағасына жазған жауабында мынадай жайтты баяндайды: «Қазақ мемлекеттік баспасымен келісілген шартқа сәйкес, мен жаңа емле бойынша 3 грамматика және қазақ әліппесін қайта жасауым керек. Аяқталу мерзімі: біріншісі – 15 маусым, екіншісі – 1 шілде, үшіншісі – 1 тамыз, төртіншісі – 20 тамыз. Міне, сол уақытқа дейін басқа жұмыстарға қарауға мұршам жоқ; оның үстіне қазақ-қырғыз институтында оқу басталса, тағы да бос уақыт болмай қалады. Сол себепті де 20 тамызға дейін Ибраһимнің (Абайдың) ғұмырбаянын жаза алмайтынымды анық айтамын. 20 тамыздан соң уақыт бола ма, жоқ па – оны білмеймін». Ал «Алтынсары баласының суретін «Шолпан» журналының №6, 7, 8 кітап жинағынан табасыңдар. Одан басқа менде суреті жоқ» деуіне қарағанда, Ахметтің, қанша дегенмен де, Ыбырай Алтынсарыұлының ғұмырбаянын жазып бергені анық. Ал Абайдың ғұмырбаянын жазуды ұлт көшбасшысы енді кімге тапсыруы мүмкін еді? Әлкей Марғұланның естелігі бойынша Әлихан 1925-1927 жылдары Ленинград мемлекеттік университетінде профессор ретінде студенттерге дәріс оқыған. Ал Ленинградқа дәріс оқуға барған күндерінде ұлт көсемі 1923-1928 жылдары сол университеттің филология факультетінде оқыған Мұхтар Әуезұлының жалдаған пәтеріне тоқтайтын. Елдегі үзеңгілестері, оның ішінде Әлімхан Ермекұлы өзінің ОГПУ-НКВД тергеушісіне берген жауабында мәлімдегеніндей, Әлекеңе жазған хаттарын сол пәтерге жолдайтын: «…Маған 58-баптың 10-тармағы бойынша тағылған айыпқа – менің Мұхтар Әуезовке жазған хатымдағы жер мәселесі жөніндегі пікірім негіз болыпты. Қолтаңбасына қарағанда, шындығында да хатты жазған менмін. Бірақ ондай мағынадағы хатты Мұхтар Әуезовке емес, Әлихан Бөкейхановқа жазғанмын. Ол кезде мен Ғылым академиясының Қазақстанды зерттеу бөлімінде істейтінмін және Қазақ халық комиссариатының тапсырмасы бойынша қазақтарды жерге орналастыру мәселесін негіздеумен айналыстым, сонымен қатар ол (Бөкейханов – С.А.) федералдық комитеттің мүшесі болатын (егер сол кезде таратылып кетпесе). Осы комиссияның құрамында жүріп Қазақстан үшін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өзі Мәскеуде тұратын, қызмет бабымен ара-арасында Ленинградқа баратын. Лиза Бөкейханова мен Шоқаневаның (?) айтуынша, онда Әуезовтің үйіне тоқтайтын. Міне, Ленинград оқуынан кейін Мұхтар өз шығармашылығында біржола Абайға ден қойды емес пе? Оған дәлел: арада тура 5 жыл өткен 1933 жылы М.Әуезұлы Қызылордада латын әрпінде Абай Құнанбайұлы шығармаларының тұңғыш толық жинағын жарыққа шығарып, алғашқы ғылыми жинағын әзірлеуді қолға алған жоқ па еді? Сонда Мұхтар Әуезұлының бетін біржола Ұлы Абайға бұрған кім болып шығады? Жауапты оқырманның өзі айтар…

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды