«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Абай даңқы асқақтады

0 30

Бүгін елордадағы Абай ескерткішінің алдында «Абай әлемі» атты рухани-тағылымдық іс-шара өтті. Айтулы шараға зиялы қауым өкілдері, халық қалаулылары, қалалық әкімдіктің қызметкерлері, қысқасы, ақынды пір тұтатын жұртшылық жиналды.

Бұл мәдени кешті ұйымдастырушылар хакім атамыздың шын мәніндегі туған күнімен орайластырған секілді. Бүгінге дейін Абайдың өмірге келген күні 10 тамыз деп аталып келді. Ақынның ғасырлық және 150 жылдық мерейтойлары да осы күні тойланды. Ал Кәкітайдың баласы Әрхам Ысқақовтың «Абайдың өмір жолы» атты еңбегінде алып тұлғаның дүниеге келген күнін нақты жазады. Онда: «Құнанбайдың ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді… Атын арабшалап Ибраһим қояды» дейді. Қазіргі әдебиет зерттеу­шілерінің бағдарда ұстап жүрген дерегі осы. Бұл шынайы дерек ғылыми айналымға түскелі де біраз жылдар өтті.

Алдымен тағылымды шара Абай ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Одан кейін сөз тізгінін ұстаған елорда әкімінің орынбасары ­Бақти­­яр­ Мәкен ақынның ұлылығы туралы ой өрбітті.

– Ұлы Абай – қазақтың ұлттық болмысы, бет-бейнесі. Абай мен қазақ бүгінде егіз ұғымға айналды. Абай даңқы, Абай сөзі, Абай қалыптастырған адамдық формасы, рухани-әдеби мектебі – осы күні елдік мұратқа негізделіп, қазақ сөзінің синонимі секілді үлкен мәнге ие болды. Уақыт өткен сайын Абай мұрасы туған елінің мінберіне шығып, тұғырланып келеді. Хакімнің қара сөздері, ғибраты мол қазына екендігін тарих пен уақыттың өзі дәлелдеді. Биылдан бастап бас ақынның 175 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары басталды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың әлеуметтік желі арқылы Абай өлеңдерін оқу эстафетасын жұртшылық зор қуанышпен қолдады. 1997 жылы бас шаһардағы ең үлкен көшелердің біріне Абай есімі берілді. 2010 жылы ақынның еңселі ескерткіші бой көтерді. Енді жаңа оқу жылы қарсаңында, 1 қыркүйекте елордада Абай атындағы мектеп-гимназиясы ашылады. Қалалық әкімдіктің бас­тамасымен «Адамзаттың Абайы» атты фестиваль өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның аясында ғылыми конференциялар, дәрістер, рухани-тағылымдық іс-шаралар өтеді. Сонымен бірге «Нұр-Сұлтан-Қарқаралы, Абай-Жидебай-Семей» бағытында Ұлы Абайдың ізімен атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылады. Осының бәрі ақынның мерейтойының басталғаны деп айтқым келеді» деді ол.

Әлеуметтік желіде Абай өлеңдерінен челлендж бастап, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған жас өрен Ләйлім-Шырақ Ерланқызы хакім атасының өлеңдерін оқып, үлкендердің батасын алды. Тамаша дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали Абайдың «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң» әндерін орындады.

Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы Хакімнің «толық адам ілімі» туралы ой қозғады.

«Біз Абайды мәніне жетіп ұлықтауымыз қажет. Қазір заман өзгерді, дүниетаным өзгерді. Хакімнің «Толық адам ілімі» дегені рухани мұрасы бар. Толық адам ілімін меңгерген жан өзін-өзі рухани тазалайды. Қазір осы ілім еліміздегі сегіз жоғары оқу орындарында оқытылады. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы да ұлы тұлға жайында тебіреніп сөйледі.

Қорыта айтқанда, іс-шараға жиылған жұрт Абай әлемін жаңаша танып, ақын рухымен тыныстап қайтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды