Білгің келсе

Темекі шегетін кісіге ораза ұстауға бола ма?
Ассалаумағалейкүм! Мен темекі шегетін жаман әдетімнен арыла алмай жүрмін. Бірақ, биыл ораза ұстасам деп ниеттеніп отырмын. Ораза ұстап жүргенде темекі шегуге бола ма?

Саян

Темекі шегіп жүрген кісіге «ораза ұстама» деп айта алмаймыз. Алайда, аузы берік бола тұра темекі тартқан кісінің оразасы бұзылады (Хашияту Ибни Ғабидин, Китабус Сиям). Ондай адам рамазан айын темекі тастауға тамаша мүмкіндік деп біліп, бұл әдетінен арылуға тырысуы керек. Осы тұрғыда кей қандастарымыз «темекі қанымызға сіңіп кетті, оны тастай алмаймыз» дегенді алға тартып жатады. Бірақ шын ниет етіп, шылымға жоламауға бел буған адам, оңай тастап кететіні күмәнсіз. Өйткені, Алла тағала Құранда «Шынында бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оларды өзгертпейді…» дейді («Рағд» сүресі, 11-аят). Яғни, біз бойымыздағы жаман әдеттерден арылуға ұмтылмасақ, оның өз-өзінен кетуі екіталай. Ендеше, темекі тартуды әдетке айналдырған кісілер осы рамазанда тақуалыққа бет бұрып, темекіні тастауға ықылас білдірсе, тастау оп-оңай. Себебі, «Кім Алладан корқып сақтанса, оған шығар бір жол пайда болады».
(«Талақ» сүресі, 2-аят).

Неге етпетінен жатуға болмайды?
Ассалаумағалейкүм! Түнде ұйықтағанда адамға қай жағымен жатқан дұрыс? Оң жағы­мен бе, сол жағымен бе? Шалқасынан ба, әлде етпетінен бе?

Қанат

Уағалейкүмассалам, Қанат! Пайғамбарымыз (с.а.с.) жатар алдында дәретін алып, дұға оқып, оң қолын бетінің астына қойып, оң жағына [1] жататындығы риуаят етіледі (Бухари, Китабуд Дағауат – 5956). Өйткені, оң жағына жатудың, денсаулыққа пайдасы болса, екіншіден, ұйқысы сергек болады. Денсаулыққа пайдасы – жүрек пен асқазан адамның сол жағында орналасқандықтан, сол жағына жатқан адам осы мүшелерін жаншып жатады. Бұл оған зиян тигізуі мүмкін. Алайда, бұл сол жаққа мүлдем жатуға болмайды деген сөз емес.

Шалқасынан жату жайына келер болсақ, бұған да рұқсат. Себебі, Пайғамбарымыздың да (с.а.с.) шалқасынан жатқандығы жайлы жазылған хадис кітаптары бар (Бухари, Китабул Либас, Бабуль Истилқа – 5624).

Ал, етпетінен жату – мәкрүһ. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с) бұлай жатуды қош көрмеген. Бұл жайында сахаба Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Мен етпетінен (ішіммен) жатқан едім. Пайғамбарымыз (с.а.с.) қасымнан өтіп бара жатып: «Уа, Жүнәйтаб! Мына жатыс тозақылардың жатысы», – деді» (Ибн Мәжә, Китабуль Әдәб – 3224).

Тағы бір хадисте сахаба Әбу Хурайра да: «Алланың Елшісі (с.а.с.) етпетінен жатқан бір кісіні көріп былай деді: «Мына жатыс Аллаға ұнамайтын жатыс» дейді (Тирмизи, Китабуль Әдәб – 2768).

Етпетінен жатудың медицина мамандары тарапынан денсаулыққа да тигізетін кері әсері бары айтылады. Испания сексопатологтарының зерттеу қорытындылары бойынша, етпетінен жату еркекке де, әйелге де жыныстық келеңсіздік тудырады.

Сондай-ақ, бет-ажарының жастығын сақтағысы келетіндерге де етпетінен жатпау жөнінде кеңес береді. Өйткені, етпетінен жатқан кісінің бетіне әжім тез түседі екен. Осыны білген жапон қыздары етпеттеп емес, көбіне шалқасынан жататын көрінеді.

Ендеше, аталмыш хадистерді назарға ала отырып, мамандар «оң жағына жату – сүннет, сол жағына және шалқасынан жату – рұқсат, ал етпетінен жату – мәкрүһ» деген тұжырым жасаған.

muslim.kz сайтынан алынды

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>