«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

9 маусым – Президент сайлауы: Шешімді қолдаймыз

0 328
Азат ПЕРУАШЕВ, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

ҚҰРЫЛТАЙДА ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНАДЫ

– Біздің «Ақ жол» партиясы Мемлекет басшысының мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы бастамасын қолдайды. Сайлау туралы мәлімдеме қоғамның белсенді кезінде көпшіліктің назарына жолданды. Біз, демократиялық партия ретінде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа либералдық құндылықтарды ұстанғаны үшін алғысымызды білдіреміз. Оған кезекті сайлауға дейін өз лауазымында қалуға ештеңе де кедергі келтірмейді. Бұл – халықаралық алдыңғы қатарлы тәжірибеге сүйенген қалыпты жүйе. Алайда Президент жалпыхалықтық сайлау жөнінде шешім қабылдады. Сайлау таза, ашық әрі әділ өтетініне сенім білдірді. Сондықтан біздің партияның барлық шешімдері съезд кезінде қабылданады. Кезектен тыс сайлау жағда­йында қандай да бір келеңсіздіктер болмас үшін барлық құқықтық процедураларды қадағалауымыз керек. Біз қатаң түрде заңға сай және партия құжаттарымен жұмыс істейміз. Біздің құжаттарда сайлауға қатысу және кандидатураны ұсыну шешімі – съезд құзыретінде. Осыған байланысты ұйымдастыру мәселелерін және делегат өкілдерінің нормасын бекіту үшін президиум алдағы сенбіге, яғни 13 сәуірге, партияның Орталық кеңесінің пленумын шақыруды бекітті. Партия төрағасы ретінде пленумда әріптестеріме сайлауға қатысуды ұсынамын. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе – демократия принциптерін ұстана отырып, съезге қатысатын әрбір делегат сенбіге дейін анықталады және олар партия мүшесі ретінде кандидатурасын ұсына алады. Содан кейін съезд кезінде шешім қабылдаймыз.

Рамзия ӨМІРБАЕВА, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты:

БҰЛ – БІЗДІҢ ҚҰҚЫҒЫМЫЗ ӘРІ АЗАМАТТЫҚ  ПАРЫЗЫМЫЗ

– Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Конституция күшімен билікке келгеннен гөрі халықтың өзі сайлаған президентке кең ауқымды құқық беріледі. Ағымдағы жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс сайлау Қазақстан халқының Конституцияны қабылдаған біртұтас ел екенін көрсетуі керек. Себебі халық – мемлекеттік билікті әрі егемендікті сақтаушы күш. Сондықтан Қазақстанда президентті Конституция бойынша халық сайлайды. Әлбетте, осылай болуы міндетті де. Бұл – біздің құқығымыз әрі азаматтық парызымыз. Президентті сайлау қазіргі заманғы бағытты таңдаудың дұрыстығын көрсетуі тиіс.
Әлем аса қарқынды жылдамдықпен өзгеріп отыр. Бүгінде адамзаттың барлық мәселелері ортақ. Мұндай жағдайда мемлекеттің табысқа кенелуі елдің басты байлығы – адамның дамуының кепілі болмақ. Бұл тұрғыда негізгі басымдық қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы болуы қажет. Ал халықтың әл-ауқаты ең алдымен табыстың тұрақты өсуіне және өмір сүру сапасына тікелей байланысты. Қазақстан халқының президентті сайлауы бүкіл әлемге біздің еліміздің демократиялық, құқықтық мемлекет екенін, ондағы әр азаматтың әлеуметтік жағынан қорғалған мемлекет екенін көрсетеді деп сенеміз.

Әміржан ӘЛПЕЙІСОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры:

МАҢЫЗЫ ЗОР ШАРА

 – Жалпы халықтың сайлауды ертерек өткізу туралы шешімді толық қолдаймын. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, президент халық сайлаған президент болса, оның билік жүргізгенде, әсіресе басқа елдердің президенттерімен тең дәрежеде сөйлесуіне жол ашылады. Екіншіден, жалпы халықтың пікірін білу, халық мүддесімен санасу – парыз. Халықтың өзі сайлаған президент сол сайлаушыларының алдындағы уәдесін орындап, халықтың сенімін ақтауға барынша тырысады.
Кез келген саяси партияның өз бағдарламасы, өз мүмкіндігі, бағыты, тіпті пар­тия­ның өзінің бетке ұстар тұлғалары бар. Олар халықтық үлкен күш, саяси партия болғандықтан, кез келген уақытта сайлау­ға дайын болуы керек. Егер ондай дайындығы болмаса, олар несімен саяси партия? Екіншіден, қазір жасыратын ештеңе жоқ, АҚШ-тың Ресейге деген санкциялары, халықаралық қатынас салаларындағы мәселелер – осының бәрі әлемді тұрақсыздыққа әкелуде. Жаһанданудың бір жақсы жағы болса, бір жаман жағы – осында, бір елдегі мәселе екінші елдің тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан бізге елдегі тыныштық пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін осы сайлауды ертерек өткізіп, ертерек жан-жақты сайланып алғанымыз дұрыс.

Роза НҰРТАЗИНА, саяси ғылымдар докторы, профессор:

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТІРЕГІ

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­То­қаевтың мерзімінен бұрын сайлау өткізуінде үш фактор бар деп ойлаймын. Оның біріншісі – Қ.Тоқаев президенттікке сайлау нәтижесі арқылы келмеді. Конституция бойынша Мемлекет басшысын халық сайлайды. Ал біздегі келесі сайлау 2020 жылдың желтоқсан айында өтетін болса, заң бойынша уақытша президент 2020 жылдың сәуір айында өз өкілеттігін тоқтатуы тиіс. Сонда арадағы жеті айда елімізде президент болмайды дегенді білдіреді.
Екінші фактор. Қазір дүние жүзінде тыныштық болмай тұрғаны жасырын емес. Әлем елдерінде түрлі жанжалдар болып, бір-біріне санкциялар да салып жатыр. Сондықтан осындай алмағайып уақытта шетелдік инвесторлар уақытша президент басқарып тұрған елге инвестиция бөлгенді жөн көрмейді.
Үшіншіден, Қазақстан – әлем алдында өз орнын қалыптастырған мемлекет. Сондықтан қазір дүние жүзінің назары бізде. Халықаралық сарапшылар біздегі саяси жағдай қалай өзгеретінін бақылауда ұстап отыр. Сондықтан ішкі ғана емес, сыртқы саясатты да жақсы қалпында сақтау үшін мерзімінен бұрын өтетін сайлаудың маңызы зор.
Ал өз басым Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін ұстауға біліктілігі жетеді деп ойлаймын. Талай жауапты қызметте өзін жақсы қырынан көрсете білді.

МЕМЛЕКЕТШІЛ МҰРАТ

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партия­сы кезектен тыс президент сайлауына қолдау білдіріп, арнайы мәлімдеме жасады.

– Бұған дейін елімізде Конституция­лық заңға сәйкес билік транзиті жүзеге асты. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаев ел тәуелсіздігін нығайтып, шекарасын бекітіп, әлемдік аренадағы беделін биіктетті. Қазақстан болашағын айқындайтын іргелі стратегиялық бағдарламалардың бастамашысы болды. Кезі келгенде салиқалы саясаткерге тән шешіммен ел тізгінін белгілі қоғам қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұстатты. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлын, шын мәнінде, ел ішінде ғана емес, халықаралық саясат сахнасында да беделі бекем, білікті азамат, ел мүддесіне адал, парасатты да әділетті саяси қайраткер деп бағалаймыз. Президенттің кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдауын да мемлекетшіл мұраттан туындаған қадам деп қабылдаймыз. Билік транзитіне байланысты ел арасында екіұдай пікір қалыптаспауы үшін Конституция талаптарына жүгініп, халықтық сайлау жариялау – бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін оң шешім әрі ел билігінің әлемдік қауымдастық алдындағы міндеттері тұрғысынан да мүлт кетпегенін көрсететін маңызды қадам, – деді «Ауыл» партиясының төрағасы, сенатор Әли Бектаев. Оның пікірінше, еліміздің әрбір азаматының дауыс беру арқылы өз үміткерін таңдауына құқы бар. Сондай-ақ партия мүшелері Қазақстанның әрбір азаматын еліміз үшін осынау сындарлы сәтте азаматтық белсенділік танытуға, барша үкіметтік емес және қоғамдық институттарды кезектен тыс президент сайлауының мейлінше әділ әрі ашық өтуіне атсалысуға шақыр­ды.

САЙЛАУДАН ШЕТ ҚАЛМАЙДЫ

Қазақстан коммунистік халық партиясы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына өз кандидатын ұсынады. Бірер күн бұрын партияның кеңейтілген саяси бюросының отырысында осындай шешім қабылданды.

Үміткердің есімі 26 сәуір күні өтетін партияның съезінде белгілі болады. Бұл ұйым президент және Парламент сайлауына тұрақты түрде үзбей қатысып келеді. Қазіргі уақытта оның 107 мың мүшесі бар.
– Мемлекет басшысының кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешімін қолдаймыз. Қазіргі шешім бо­йынша біздің саяси ұйым сайлауға қатысуға дайын. Ал съезд барысында өңірлердегі ұйымдарымыз өз кандидаттарын ұсынады. Әдетте, ол тізім 3-4 адамнан тұрады. Соның қорытындысы бойынша сайлауға түсуге лайық бір үміткер іріктеледі, – деді Коммунистік халық партиясы Орталық комитетінің хатшысы Жамбыл Ахметбеков. Айта кетейік, осыған дейін өткен президент сайлауына Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков түскен болатын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды