«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРГЕ СҰРАНЫС КӨП

Наурызғали Шерінің Нұржол гүлзарында ұлттық қолөнер бұйымдарын сатқанына көп болған жоқ. Осыдан бір жыл бұрын аға-жеңгесі Дәулет пен Айгерімнің шақыртуымен Түркістаннан келіпті.

0 27

– Басында бұл кәсіппен аға-жеңгем өздері айналысатын. Кейін мені шақыртып алды. Өйткені сататын нәрселеріміздің көбі өз қолымыздан шыққан. Оның жасаудың өзіне көп уақыт, күш-жігер кетеді. Сондай-ақ кейбіреулерін қолөнермен айналысатын шеберлерге тапсырыс беріп алдырамыз. Оның бәріне жүріп-тұратын адам керек. Әрине, кәсіптің оңайы жоқ. Бірақ біз осының арқасында отбасымызды асырап, күнімізді көріп отырмыз. Табысымыз жаман емес, сауда тоқтап тұрған жоқ, – дейді
25 жастағы жігіт.
Наурызғалидың мамандығы теміржолшы, бірақ жастайынан ұлттық уызға жарыған, көне әңгімелерге көкірегін түйіп өскен жігіттің қазақы салтқа деген құмарлығы ерекше болды. Қолөнерге деген қызығушылығы да соның әсерінен туындаған сияқты. Оның үстіне туған ағасы Дәулет осы кәсіппен кәсіби түрде айналысады. Жастайынан көзі көргені – қолөнер. Көп нәрсені содан үйренді. Қолөнерді арнайы оқыған жоқ, бәрі көзімен көріп, көкірегіне түйгендері. Сосын шын талаптанған адамға алынбайтын қамал бар ма?! Әрине, басында қателесті, қиюы келмей жатқан кездері болды, бірақ бәрі бірте-бірте қалпына келе берді. Күн өткен сайын шеберлігін шыңдай түсті.
Шағын шеберханаларында сау­даға шығаратын нәрселердің көпшілігін аға-жеңгесі және өзі жасайды. Асыл тастардан және бағалы металдардан моншақ, шолпы, алқа, сырға, сақина, білезік, таспиық дайындайды. Ағаштан ою ойып, темірден түйін түйеді. Мүйізден Таза қайыстан қамшы өреді. Әйгерім жеңгесінің қолынан үй шаруашылығына қажетті бұйымдар, кестелі бет орамалдар шыққан.
Қала әкімдігі қолөнершілерге сау­да орнын әлеуметтік жоба ретінде тегін берген. Тек пайдаланған электр жарығына ғана ақы төлейді. Бірақ қазір күннің ұзақтығына байланысты олар жарықты пайдаланбайды десе де болады. Сондықтан түскен кірісті түгелдей шикізат материалдарын алуға, күнделікті тұрмыстық қажеттіліктеріне жаратады. Одан артылып жатса, ертеңге қор жинап қоюды да ұмытпайды.
Заттардың бағасы да қымбат емес: 500 теңгеден басталады. Бірақ қалталы адамдарға арналған қымбаттары да бар. Күрделі өрнектелген, жасалуы қиын әрі біршама көп уақыт кететін нақышталған ең қымбат сақиналар 120 000 теңгеге дейін барады. Олар алтынмен апталып, күміспен күптеліп, асыл тастармен безендіріледі. Дегенмен ондай бірегей заттар арнайы ­тапсырыспен жасалады. Әдетте сақина 1 аптаның көлемінде жасалса. Құны 50-60 мың тұратын асыл тас пен таза күмістен құйылған алқа, құсмұрын жүзік және білезіктен тұратын қыз-келіншектерге арналған жиынтық жасауға 2 аптадай уақыт кетеді.
Бұйымдарды, негізінен, елордаға қыдырып келгендер естелік ретінде сатып алады. Ұлттық бұйым­дарға, әсіресе, шетелдіктердің қызығушылығы күшті. Әр заттың құнын білетін шетелдіктер қолөнерді жоғары бағалайды. ­­Бір қуанарлығы, таза табиғи бұйымдар мен асыл тастардан, бағалы ­металдардан жасалған ұлттық қолөнерге деген сұраныс жақсы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды