«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҰБТ-2019: Нені білуіміз­ ­қажет?

0 56

Биыл ҰБТ республика бойынша 20 маусым мен 5 шілде аралығында сағат таңғы 9-дан түскі 12.30-ға дейін ұйымдастырылады. Ал тестілеудің Нұр-Сұлтан қаласында қашан өтетіні туралы ақпарат мау­сым айының басында хабарланады. Бұл туралы елорда әкімі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен өткен аппарат жиналысында айтылды.

Биылғы өзгерістер қандай?

Жиын барысында елордалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин ҰБТ-ның осы жылғы жаңалықтарына тоқталды. Енді жоғары оқу орнына түсу үшін мектеп түлектерінің бір емес, төрт мәрте ҰБТ тапсыруға мүмкіндігі бар. Әр тестілеудің бағасы – 2242 теңге.
Келесі өзгеріс халықаралық сертификаттары бар түлектерге қатысты. Егер шәкірттің қолында ағылшын тілін білетінін растайтын халық­аралық сертификат болса, онда ол шетел тілі пәні бойынша ҰБТ тапсырудан босатылады.
Ал тестілеу формасы бұрын­ғыша сақталады: ҰБТ 2 кезеңге бөлінеді, оның әрқайсысында 20 тапсырмадан тұратын 3 міндетті пән мен 30 тапсырмадан тұратын 2 бейінді пән қамтылады.

Тестілеу орындары қай­да болады?

Астаналық оқушылар үшін ҰБТ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті және Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті ғимаратында – барлығы 30 аудиторияда өткізіледі. Аталған 3 оқу орнында да қатысушылар туралы мәліметтер базасы бар, сондай-ақ сәйкес­тендіру кодын беру тәртібі жүргізілген, мұнымен қоса қажетті құрал-жабдықтармен жасақталған. ҰБТ тапсыратын түлектердің тізімі 10 мамырға дейін құрылады.
Қалалық Білім басқармасының басшысы ерекше қадап айтқан тағы бір жайт, ҰБТ-ны тапсыру кезінде түлектер талапкер болып есептеледі, сондықтан оларды тестілеу пункттеріне жеткізу мектеп мұғалімдерінің емес, ата-ананың міндеті болуы керек.
2019 жылы орта білім беретін мектепті 6274 түлек бітірмек, оның 5856-сы ҰБТ-ға қатысады. Шамамен 400-дей шәкірт ҰБТ тапсырудан босатылған, өйткені олардың көбі отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына шақырту алып қойған.

Мектеп бітіру кеші қашан өтеді?

Бұлардан бөлек, салтанат­ты жиындар мен мектеп бітіру кештерін өткізу мәселесі де талқыланды. «Соңғы қоңырау» – жылдағы дәстүр бойынша 25 мамырда, қорытынды аттестация – 28 мамыр мен 7 маусым аралығында, ал мектеп бітіру кештері, Білім және ғылым министрлігінің келісіміне сәйкес, 12 маусымға белгіленген.
Өз кезегінде шаһар басшысы Бақыт Сұлтанов аудан әкімдеріне ҰБТ пункттері аумағында тиісті жағдай жасауды, ал Полиция департаменті мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына лайық кезекшілік атқаруды тапсыр­ды. Білім басқармасы өкілдеріне мектеп басшыларымен түсіндірме жұмыстар жүргізу, түлектердің ҰБТ-ға қатысуын қадағалау міндеттелді. Сонымен қатар мектеп бітіру кештерін ысырапсыз
өткізуді бақылау және балалардың қауіпсіздігі мақсатында сол кештер болатын орындарда кезекшілік ұйым­дастыру айрықша тапсырма ретінде берілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды