«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Nur Otan» партиясы үміткерін ұсынды

0 39

«Nur Otan» саяси партиясы президенттікке үміткерді анықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаев 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауына түседі. Мұндай шешімді кеше Тұңғыш Президент – партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жария етті.

– «Nur Otan» партиясының төрағасы ретінде, мен Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына үміткер етіп Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсыну жөніндегі мәселені съездің қарауына шығарамын. Көп жылдар бойы бірлесіп жұмыс істегендіктен, оны жақсы білемін. Елдегі жоғары лауазымды қызметке ең лайықты адам деп санаймын. Қасым-Жомарт Кемелұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап менімен қатар әртүрлі жауапты қызметтерді атқарды, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезінде сөйлеген сөзінде.
Елбасы Президент өкілеттігін тоқтатқаннан бері қазақстандықтардан көп хат алатынын, кейбір азаматтардың өзін тағы сайлауға түскенін қалайтынын айтты. «Мен мұндай азаматтардың өтінішін жақсы түсінемін. Адамдар өз болашағы үшін алаңдайды. Тәуелсіздік жылдарында елімізде орныққан этностар мен діндер теңдігінің сақталғанын қалайды. Халықтың маған деген ықыласына шексіз ризамын. Оларға айтарым, бұл шешімді асықпай ойланып, қабылдадым. Мен Қ.Тоқаевқа толық сенемін, ол – барша қазақстандықтардың достығын, тең құқықтары мен бірлігін сақтайтын адам» деді Н.Назарбаев.
Елбасы Қасым-Жомарт Кемелұлының шетелде жоғары беделі бар екеніне, қиын кезеңде ел Үкіметін басқарғанын, бірқатар маңызды реформалар жүргізгеніне тоқталды. «Ол – менен бір мүшел жас кіші болғанымен, заманауи мемлекет қайраткері. Мен Сіздерді партиямыздың атынан ұсынылған үміткерді қолдауға және сайлауда дауыс беруге шақырамын. Бұл өте дұрыс шешім болмақ» деп сөзін түйіндеді. Партия төрағасы нұротандықтарды ұсынылған үміткердің төңірегіне топтасуға шақырды.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының елімізді жан-жақты дамытуға бағытталған стратегиялық бағытын жалғастыру үшін сайлауға баратынын мәлім етті. «Біздің көшбасшымыздың саясаты сабақтастығын қамтамасыз етуді өз міндетім деп санаймын. Біз бес институционалдық реформа мен Ұлт жоспарын, Елбасы әзірлеген басқа да стратегиялық құжаттарды іске асыруды жалғастырамыз. Біздің партия Елбасының әлеуметтік әділеттілікке, прогресс пен дамуға қол жеткізу бағытын табанды әрі тиімді жүзеге асыратын болады. Біздің көшбасшы бастаған үшінші жаңғыру елді барлық салада, технология, білім, кәсіп және әлеуметтік қамтамасыз ету аясында динамикалық дамуды қамтамасыз етеді» деді ол.
Тоқаевтың бағалауы бойынша, алдағы сайлау билік пен қоғам арасындағы тікелей жемісті диалогқа, жалпы Қазақстанның саяси жаңғыруына жаңа серпін береді. «Nur Otan партиясы біздің көпұлтты қоғамымыздың бірлігін нығайтуға елеулі үлес қосып, бүкіл халықты Қазақстан дамуының игілікті мақсатына жетелейтініне сенімдімін. Өз тарапымнан қажырлы және адал еңбек етіп, біздің мемлекетіміз бен халқымыздың мүддесіне адал қызмет етемін деп сендіремін» деп түйіндеді ол.
«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев хабарлағандай, съезге қатысқан 623 делегат бірауыздан Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдады. Оқырманның есіне сала кетейік, президенттікке үміткерлерді ұсыну 28 сәуірде аяқталады. 24 сәуірде – «Ақ жол», 25 сәуірде – «Ауыл», 26 сәуірде Қазақстан халықтық-коммунистік партиясы өз съездерін өткізіп, сайлау додасына қатысатын үміткерлерін анықтайды.

 

Cіз не дейсіз?

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
Сенат депутаты:
– Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының сенімді серіктесі ретінде тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен-ақ еліміздің сыртқы саясатын қалыптастырды, оған атсалысты. Екіншіден, ол ең қиын кезеңде ел Үкіметін басқарды. Мен сол кезде Үкімет мүшесі ретінде оның басшылығымен қызмет істедім. 2001 жылы ол Премьер-министр болған кезде, мен сол Үкіметте Ақпарат, мәдениет және қоғамдық келісім министрі болған едім. Қасым-Жомарт Кемелұлы екі мәрте Сенат төрағасы болып тағайындалып, абыройлы қызмет етті. Сондай-ақ, жер бетіндегі барша қазақтарды бір ұлт деп есептейтін болсақ, сол барша қазақтың атынан әлемдегі ең беделді халықаралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасарлығына көтерілген жалғыз қандасымыз. Сондықтан елімізде де, халықаралық деңгейде де танылған тұлғаның мемлекетіміздегі биік лауазымға ұсынылуын толық қолдаймын және барша қазақстандықтарды Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын қолдауға шақырамын.

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері:
– Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке ең лайықты үміткер, ең заманауи саясаткер деп атады. Мен де бұл пікірді қолдаймын. Себебі ол – бүгінгі саясаттағы тәжірибесі толысқан, ең білімдар, танымалдығы жоғары тұлға. Онымен кім таласа алады? Онымен қатар тұратын ешкім жоқ. Басқа партиялардың қандай үміткерлер ұсынатыны әлі белгісіз. Олардың деңгейіне қарау керек. Алайда қай партия кімді сайлауға шығарса да, Қ.Тоқаевпен бәсекелес бола алатын саясаткер жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды