«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Алтын тақ» үшін айқас

0 27

Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Қазақ хандығы» киносериалының екінші маусымдық нұсқасы – «Алтын тақ» фильмінің таныстырылымы болды. Бұл туынды Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілді.

Жалпы, «Қазақ хандығы» фильмінің сценарийі көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы желісімен жазылған. Ауқымды жобаның авторы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Көпшілікке ұсынылған фильмде Жәні­бек пен Керей хандардың Әбілқайыр Шайбани ұрпақтары арасындағы Сыға­нақтағы тақ үшін таласы баяндалады. Тарихта бұл қазақ хандығының ба­сын­­дағы күрделі кезеңдерінің бірі бол­ғаны анық. Аталған кино Алматы және Түр­кістан облыстары мен Тараз қа­ласында түсірілді.
«Көп сериалды фильмдер туралы түрлі пікірлер айтылды. Кейбір адамдар жылы лебіздерін білдірді. Дегенмен, жұртшылық осы жобаның жалғасқанын қалады. Бұл бізге тың күш берді. Туынды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында айтылған ойларымен үндеседі. Мәселен, осы кино арқылы халқымыздың ғажайып мәдениетін көріп, оның тыныс-тіршілігіне үңілуге болады» деді фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш.
Тарихи киноның екінші маусымдық нұсқасының сценарийін жазуға Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов және Рүстем Әбдіраш қатысқан.
Фильмде Сығанақ қаласы үшін шайқас барынша шынайы бейнеленген. Керей мен Жәнібек хандарды ойнаған актерлер де өз рөлдерін сәтті сомдап шыққан. Олардың бойындағы тектілік пен бекзаттық, батырлық қасиеттер барынша ашылған. Ақыры, Шайбани ұрпақтары жеңіліс тауып, Сығанақ шаһары қазақ хандығының қолына өтті.
«Бірінші маусыммен салыстырғанда бұл кино әлдеқайда қызығырақ, динамикасы жағынан да жылдам. Көрерменге қызықты, тартымды болады деген ойдамыз» дейді жобаның продюсері Арман Әсенов.
Айтпақшы, жаңа фильм наурыздан бас­тап ел кинотеатрларында көрсетіле бас­тайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды