«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Пластик бәлекеті

0 102

Халықаралық Zero Waste Week кампаниясы мүшелерінің мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлемдегі сұлулық индустриясы 120 миллиард қаптама шығарады екен. Олардың басым бөлігі қайта өңделмейді.

Біз де пластик жұтып жүрміз

Қайта өңделмейтін қаптама деп бьюти-өнімдердің («beauty» – әдемілік) пластик құтылары мен полиэтилен қапшықтарын айтып отырмыз. Сонда олар қайда кетеді дейсіз ғой? Полигонға көміледі немесе суға жіберіледі. Мәселен, мұхиттар мен теңіздер жылына 8 миллион тоннадан астам плас­тикті «қабылдап алатын» көрінеді. Мұндай қарқынмен 2050 жылға қарай суда балықтан гөрі пластиктің саны көп болады, ал теңіз жәндіктерімен қоректенетін құстардың 99 пайызы пластик жеп үлгереді.
Британиялық тележүргізуші әрі натуралист Дэвид Аттенборо BBC-дің «Blue Planet II» атты жеті бөлімді деректі фильмін түсіру барысында балапандарын плас­тикпен тойдырып жатқан альбатростарды көргенін мәлімдейді. «Әдетте аналық альбатростар үш апта бойы ұяларынан ұзап, жем іздеп кетеді. Келерінде олар тұмсықтарымен кальмар емес, плас­тик қоқыс тістеп әкеледі де, оны балапандарына береді» дейді ол.
Пластиктің пәлекетінен адамдарға пәлендей залал жоқ деп ойласаңыз қателесесіз. Гент университетінің ғалымдары біздің қазіргі күннің өзінде судағы плас­тикті қылғытып жатқанымызды айтады. Егер сіз теңіз тағамдарының фанаты болсаңыз, жыл сайын асқазаныңыз шамамен 11 мың дана микропластикті «қонақ қылады».
2017 жылы Минесота университеті мен Orb Media ұйымы бірлесіп, 10-нан аса мемлекеттегі ауызсуға зерттеу жасады. Сонда үлгі ретінде алынған су тамшыларының 83 пайызында пластик талшықтары табылған. Бұл дегеніңіз – миллиардтаған кісі сумен бірге пластик бөлшектерді де жұтып жатыр деген сөз.

Ниет басқа, іс басқа

Бір жұбатарлығы, соңғы уақытта жұртшылықтың эко-брендтерге қызыға бастауының арқасында косметика шығаратын компания­лар да өз өнімдерін табиғатқа әлдеқайда қауіпсіз етуге көшті. Олардың алғашқысы болып Aveda фирмасы тері және шашқа арналған құралдар қаптамаларының 85 пайызын қайта өңделетін биопластикке ауыстырды. Аталған брендтің қаптама дайындау бойынша атқарушы директоры Эдмонд Ириззэри The Independent газетіне берген сұхбатында «Жақын арада сиырдың тезегінен биопластиктің жаңа түрін жасайтын мүмкіндікке ие боламыз» дегенді айтады.
Британиялық Neal’s Yard Remedies компаниясы да одан қалысар емес. Бренд 2050 жылға дейін өзінің барлық өнімдерінің сыртқы бөліктері мен қаптамасын 100 пайыз қайта өңделетіндей етуге уәде берген. Аталған фирманың басшысы Луиз Гриннің айтуынша, жауапкершіліктің бір ұшы тұтынушыларға да тиеді. «Бұл ретте саналы консюмеризм керек секілді. Мысалы, «біреуін алсаң, екіншісі тегін» деген жарнамаға көбіміз алданамыз да, аса қажеті жоқ заттарды сатып аламыз. Олар бәрібір көп өтпей қоқыс жәшігіне кетеді» дейді Грин. Оның бұл ойы­мен Lush брендінің өкілдері де келіседі. Осы проблеманы шешудің жолы ретінде компания алдағы уақытта тұтынушыларға тек қажетті өнімдерді ғана сатып алуға көмектесетін дүкен кеңесшілерін дайындауға күш салмақшы.
Енді мынадай қызық құбылысты қараңыз. The Independent газеті жүргізген сауалнамада Ұлыбритания тұрғындарының 62 пайызы бамбуктан жасалған құлақ тазалағыштардың экологиялық таза түрі үшін артық ақша төлеуді құп көрген. Сондай-ақ оларға бағасы 7 жарым фунт стерлинг тұратын Lush эко-сусабыны мен 1 фунт стерлингтік Head and Shoulders сусабынын ұсынғанда, 41 пайызының таңдауы біріншіге түскен. Алайда табиғатқа зияны жоқ өнім үшін қаржысын құрбандыққа шалуға дайын «бритиштер» жетерлік болғанымен, түптеп келгенде, олардың біразы сол заттардың қайта өңделуге жол тартуына қатыспайтын болып шықты. Мәселен, Garnier компаниясының тапсырысымен ұйымдастырылған зерттеуде респонденттердің жартысы, ал TerraCycle компаниясы жүргізген сауалнамада 4 жарым миллион британиялық тұрғын өздерінің жуынатын заттарының босаған қаптамаларын қайта өңдеуге бермейтінін мойындаған.

Ұтқыр шешімдер

Жоғарыда аталған құбылыс­тың кесірінен қайта өңделетін пластиктердің өзі тиісті жеріне жетпейтінін айтып, Greenpeace Unearthed ұйымы дабыл қағады. Мысалы, Ұлыбритания мен өзге де батыс елдерінен шыққан қайта өңделетін қалдықтар бүгінде Малайзияның заңсыз қоқыс учаскелерінде үйіліп жатыр. Демек, «қайта өңделетін пластик» деген атау ол өнімнің шынымен де міндетті түрде қайта өңделетінін білдірмесе керек.
Плимут университетінің профессоры Ричард Томпсон бұл олқылықты жоюдың мынадай бір шешімін ұсынады. «Өнімге recyclable (қайта өңделетін) деп белгі соғу жүйесі біздің мақсатымызды толықтай орындамайды. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде де сондай болғанын қаласақ, құралдардың сыртына оны қайта өңдеу­ге қалай жіберу керектігі, яғни, жергілікті қайта өңдеу орындары жайлы ақпаратты қоса жапсырған жөн» дейді ол.
Қазіргі таңда Boots сияқты кейбір ірі компаниялар өздері сататын өнімдердің қаптамасына қайта өңдеу инструкцияларын көрсетіп, тұтынушылардың бұл іске қатысуын реттеу үшін арнайы фокус-топтармен жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, MAC компаниясы ерін далабының алты бос құтысын әкелген кісіге бір далапты тегін береді. Сол сияқты, Le Labo иіссулар дүкеніне бұрынғы парфюміңіздің бос құтысын апарып, қайта толтыр­ту арқылы чегіңіздегі соманы 20 пайызға азайтып алу мүмкіндігіңіз бар. Ал Kiehl бренді үлкен көлемдегі өнімдерінің 10 контейнерін өткізген адамға бір кіші көлемдегі өнімін сыйға тартады. Жақында Hourglass, Dior сынды компаниялар қайта толтырылатын құтыдағы ерін далаптарын сатылымға шығарды.
Zero Waste Week кампаниясының негізін салушы Рэйчел Страус: «Кейбір кофеханаларда өз ыдысыңмен барғаның үшін 25 пенс жеңілдік береді. Неліктен ең көп пайдаланылатын косметикалық құралдардың бірі – сусабын мен шашқа арналған кондиционер сатып аларда осындай тәжірибелерді енгізбейміз?» дейді.
Қысқасы, косметика қаптамасының «қайта өңделетін өнім» ғана болуы жеткіліксіз, оның «табиғатқа зиянсыз болу миссиясын» толық орындауы үшін басқа да қосымша шаралар қажет. Әзірге Еуропадағы сұлулық индустриясының санаулы брендтері ғана бұл жолға қадам басып жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды