«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жырды айтудың да жөні бар…

0 69

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған міндеттерді іске асыру мақсатында «Qazaq Epos» ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» тақырыбында «Қобыланды батыр» жырын жатқа айту байқауын өткізбек.

 

Қисса-дастандар қазақ ауыз әдебиетінің мәйегі, бағзыдан қалған бағалы мұрасы болса, сол бағалы мұраны бабадан балаға жеткізудің ұтымды тәсілі – қисса-дастанды жатқа айту. Жазу мәдениетіміздің кенже кезінде том-том кітапқа жүк болатындай қисса-дастандарды жаттап, топты ортада айтатын өнерпаздарды халық «қиссагер», «қиссашы» деп атаған. Халық арасындағы бұл дәстүр өз кезінде қағаз бетіне түспеген ауыз әдебие­ті қазыналарының ауыздан-ауыз­ға таралып, бүгінгі күнге жетуіне көп себі тиді.

Жазба әдебиетіміз өркендеп, баспа саласының гүлденуіне ілесіп, қазақ ауыз әдебиетінің қазынасы жиналды, басылып шықты. Қағазға түскен соң, оны жаттап жалғаудың да қажеті қалмады. Оның үстіне, топты ортада, отбасында қисса-дастан айту көңіл көтерудің тәсілі болудан қалады да, қисса-дастан жаттайтындардың қатары сиреді. Әйтпегенде, қырғыздың Саяқбай Қарлайев, Жүсіп Мамай сияқты жыршылары қазақта да аз болмаған. Оған айғақ ретінде қазақтың 104 қисса-дастанын, қыруар тұрмыс-салт жырларын жатқа айтатын, Қытай мәдениет министрлігі «алтын сандық» деп бағалаған Қазым Әлменұлын айтуға болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазымның қазынасы» деген атпен ол жаттаған қисса-дастандарды дыбысқа алғанда, оған 150 сағат жұмсалғанын көзіміз көрді. Қазым ақсақалдың ықпалымен қисса-дастан айту үрдісі қалыптасып, 3-4-сынып оқушыларына дейін «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жыр­ларын жаттап алды. Олардың алды 2014 жылы Астанада өткен тұңғыш кезекті «Алтын құлын» халықаралық жас жыршылар байқауында бас жүлде алды.
Соңғы кездері Қазақстанда жыр айтудың жаңа үлгісі жарыққа шықты. «Тұлпар мініп, ту алған!» жобасы аясында «Алпамыс батыр» жырын жатқа айту эстафетасы жұрт арасында серпін қозғады.
Дей тұрғанмен, жыр айтудың да жөні бар. Қазақтың қиссагер, жыршылары таңды таңға жалғап, қисса-дастандарды жатқа айт­қанда, өлең, тақпақ оқығандай тақылдатып қана айта салмаған. Керісінше, әдемі мақам, мәнді мәнермен айтқан. Кейде тамаққа салмақ түсірмей тыныстап отыру үшін домбырамен сүйемелдеген. Бұл – ел ішінде қазірге дейін бар дәстүр. Жоғарыда айтқан Қазым ақсақал да жырларды 4 түрлі әуен­мен айтады. Іргеміздегі қырғыз­дардың «Манас» эпосын қалай айтатынын көріп жүрміз. Ендеше бізде де жыр­шылық дәстүрді жаңғырт­қанда әуенін де ала жүргеніміз жөн секілді.

Қалиакпар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды