«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұрғындар талабын тыңдады

0 45

Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбектің тұрғындармен кезекті кездесуі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде жалғасты.

Ескі үй есімізді шығарды

Қаланың оң жақ жағалауында әлі күнге дейін ескі үйлердің бары жасырын емес. Тұрғындардың көбін апатты үйлер мәселесі алаңдатады екен.
«Бейбітшілік көшесі, 58-үйдің тозығы әбден жеткен. Әкімдікте Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының жанынан құрылған арнаулы комиссия бар. Яғни олар жергілікті бюджет есебінен ескі және апаттық жағдайдағы үйлерді зерттейді. Өкінішке қарай, біздің үй бұл бағдарламаға енбей қалды. Тұрғындар өзіміз жиналып, үйдің бағдарламаға енгізілуін күтпей, аталмыш комиссияны ақысын төлеп шақырып, өз есебімізден зерттеу жүргізе аламыз ба?» деп сұрады қала тұрғыны. Бұл сұраққа Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының өкілі жауап берді. Айтуынша, биыл тұрғын үй қорының жағдайына техникалық тексеру жүргізілетін 24 мекенжай анықталған екен. Бейбітшілік көшесі, 58-үй, расында, бұл тізімге енбеді.
«Дегенмен кондоминиум бар нысан болғандықтан, пәтер иелері есебінен тіркелген ұйым жалдап, техникалық тексеріс өткізе аласыздар. ПИК-ке хабарласып, техникалық зерттеу жүргізетін кәсіпорынды анықтаңыздар. Толығырақ ақпаратты біздің 55-68-65 жұмыс телефонына қоңырау шалып ала аласыздар» деді басқарма өкілі. Бұл ретте аудан әкімі Арман Тұрлыбек үйді зерттейтін компанияның аккредитациясы бар болуын ескертті. Тексеру нәтижелерінің шынайылығы әрбір органға күмән тудырады. Негізгі критерий – егер тұрғын үйдің тозуы 61 пайыздан асса, онда ол апатты деп есептеледі және қалалық бағдарламаға кіруге мүмкіндігі бар. «Апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу жөніндегі бағдарламаны ұйымдастырушы – Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы. Олар бірінші кезекте өздері жалдаған мамандарға сенетін болады. Мұны есте сақтаңыз. Аудан әкімдігі басқарма мамандарымен бірге тексеру жүргізіп, нәтижесінде осы үйге қатысты өз ұсыныстарын бере алады» деді ол.

Шатырдан кеткен су шатақ боп тұр

Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір мәселе – үйдің кіреберісінің шатырынан аққан су. Қала тұрғыны өз есебінен шатырды жөндеуге болатынын немесе болмайтынын сұрады. Себебі ПИК бұл мәселені шешуге асықпайды екен, бірақ тұрғындардың жоғарыдағы шатырға шығуы да қиындау екенін алға тартты.
«Азаматтық кодекстің 46-бабына сәйкес әрбір тұрғынға мүлік үшін жауапкершілік жүктеледі. Сіз тұрғын ретінде екі жағдайды пайдалана отырып, шатырды жөндеуге толық құқыңыз бар. Біріншісі – мемлекеттік бюджет есебінен тұрғындарға 10-15 жылға пайызсыз несие беретін аумақты дамыту бағдарламасы. Екіншісі – пәтер иелерінің мақсатты алымдары. Бұл мәселені шешуді өзімнің орынбасарым Ержан Жаку­баевқа тапсырамын» деді аудан басшысы.
Бұған қоса, апаттық газ қызметі, түн тыныштығын бұзған түнгі клубтар, қоқыс қалдықтары туралы қойылған сауалдарға аудан басшысы өз құзыреті шеңберінде жауап берді.
Әкімнің тұрғындармен соңғы есептік кездесуі бүгін М.Өтемісов атындағы Оқушылар сара­йында сағат 15.00-де өтеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды