«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

FACEBOOK-тегі фәни жалған

0 67
Серік АҚСҰҢҚАР, ақын

МҰҚАҒАЛИДЫҢ БІР ЛЕБІЗІ

«Мен өлеңде жылмиған европалық емеспін – басқамын. Менің қай жерімді тырнап қалсаң да, қазақтың қаны шығады, менің дүниемнің қай шетін ашып қалсаң да, қазақтың дүниесін көресің. Мен кейде өз бойымнан бақсының жыны секілді адуынды, дүлей күшті көрем. Бұл – қазақтың рухының күші». (М.Мақатаев).

ОҚЫРМАННЫҢ ҚҰДІРЕТІ

Фейсбукте поэзияны жан-жүрегімен түйсініп, түсінетін әрі кеткенде 15-20 шақты оқырманым бар екен. Мен әрбір дүниемді ұсынарда, сол 15-20 шақты досым мұны қалай қабылдар екен деп алаңдап отырамын.

«БІРЕУДЕН БІРЕУ АРТЫЛСА…»

Абай заманында «Көр жерді – өлең қылып, жоқты қармап, Қобыз бен домбыра алып, топта сарнап; Әр елден өлеңімен қайыр тілеп, Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап» (Абай) дейтін «ақылсыз, надан ақындар» (Абай) көп болған. Мұндайлар, тіпті, біздің нарық заманымызда күн сайын күшіктеп, көбейіп барады. Әсеттің шығармаларын қолға шырақ алып, тінтіп оқығанда «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, Мал үшін біреуді алдап, біреуді арбаған» (Абай) бір өлеңін іздеп таба алмадым! Әсет Абайдың «Біреуден біреу артылса» атты өлеңіндегідей өлермен пенде болып, ұлы ақынның қаһарына іліксе, жарық дүниемен қоштасарында «Абайдай арт жағына сөз қалдырып, Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген!» демес еді ғой! Абайдың бұл өлеңі өнерпаз Әсетке емес, өлермен бір пендеге арналған!

ҚАДАҒАНЫҢ «ИІРІМІ» МЕН «ЖАЗМЫШЫ»

Қадағаңның «Иірімі», «Жазмышы» да біз үшін құбылыс болған. Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды бой көрсетпеген соны дүние! Тосын, біз күтпеген шығармалар еді. Оларды елдің жатырқап қарсы алғаны содан.
Тек бір өкінерлігі, суреткердің пенделік табиғатын ашып көрсеткісі келіп, ұсақтап кететіні бар… Меніңше, Ақын (суреткер) жұмырбасты пенделерден гөрі Пушкиннің Пайғамбарына көбірек ұқсас. Соны тереңдете қозғауы керек еді…

ӘКЕМНІҢ ӨСИЕТІ

«Сен кедейді бай қыла алмайсың деп еді әкем дүниеден озар жылы, – Оңбаған мен қағылған-соғылғанды да қатарға қоса алмайсың! Жаманды жақсы қыла алмайсың! Бұл Совет өкіметінің де қолынан келмеді! Тек, жақсының жағасынан алмасаң болды…»
Әкемнің көп сөзін көңіліме тоқи алмай қалып едім. Осы сөзі ойымда қалды. Өмірлік ұстанымыма айналған. Менің поэзиямның да түбі осы сөзден төркіндейді.
Жаманға айтар сөзім жоқ. Жақсыны көрсем, жаным қалмайды…

ИММАНУИЛ КАНТТЫҢ БІР ЛЕБІЗІ

Мына бір қызық дерекке назар аударарлық: «Кант дипломына өз қолымен арабша «Бисмилләһир-рахманир-рахим деп жазыпты» дейді Аманкелді Кеңшілікұлы. Зерттеу керек мұны…

КОММУНИЗМ МЕН АТЕИЗМНІҢ ТЕКЕТІРЕСІ

Құдайға қарсы қоғам құрған атеистік совет өкіметі кезінің өзінде Тәңірі өзінің құлақкесті құлдарын талай мәрте тезге салған. 1941 жылы неміс-фашист басқыншылары Совет одағына баса-көктеп кіріп, ел басына екіталай күн туғанда Сталиннің өзі Мәскеу храмына жасырын кіріп, Құдайға құлшылық жасаған. Діни семинарияда оқып жүргенде Михаил әкенің «Құрдымға кеткің келмесе, құдайсыздарға қарсы сүрен сал!» деген сөзі сол күні есіне түсті ме?! Кім біледі…
Содан бастап Лениннің кезінде қалың шеру тартқан атеистік қызыл қырғын кілт тоқтап, 1942 жылы дін өкілдерін жаппай түрмеден босата бастайды. 1945 жылы Патриарх Всея Руси сайланады. Сол дүниежүзілік екінші қырғынның кезінде Англияның премьер-министрі Уинстон Черчиль Сталинді «ұлы қолбасшы» деп атайды. Сонда Сталин былай деген: «Менің атыма айтылған мадақ орыс халқына лайық қой!». «Барлық мақтау мен мадақ құдайға ғана тән» дегені – бұл! Ал халық Құдайдың екінші есімі екенін ол жазған бізден жақсы білген! Қыршын жасынан Британия парламентінде ақсүйектік тәрбие алған Черчиль оның алдында тектен-текке ыңғайсызданбаса керек…

ЗОР МЕН ҚОР

Ұлты зор тұтқан тұлғалардың соңына өзін қор тұтқан мүсәпірлер түседі…

«Я ПОЭТ. ЭТИМ И ИНТЕРЕСЕН…»

Құрметті дос-жаран! Сіздер менің «Фейсбуктегі фәни жалған» атты жаңа дүниемді оқып жатырсыздар. Қаршадайымнан керағар көзқарастарды жанымдай жақсы көрем! Оқырман қалай қабылдайды оны? Бір тірі жанға өкпелемен.
Тәңірі пендесінің сана-саңылауына не құйса – сол болады! Адам баласын адам да, заман да өзгерте алмайды! Мен елдің көзін ашу үшін туған ағартушы ғалым, ұлағатты ұстаз да емен. Алаш жұрты ағартушыдан кенде емес (Абай, Ыбырай, Шоқан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек т.б.). Солардың бізге айтпаған ақылы, төкпеген шері қалды ма? Әлі өзгергеніміз шамалы ғой?! Бір ұлттан, бір жұрттан туса, осындай-ақ тусын! «Я – поэт. Этим и интересен» (В.Маяковский).

АЛАҚАЙ!

Қарағанды Қасымға ескерткіш қойды! Енді осы алаңда Ақындар аллеясы бой көтерсе, шіркін! Бұқар жыраудан бастап, Кемпірбай, Шөже, Қасым… Дәутәлілер тұрса күнге шағылысып!
Мағжан «Күннің ұлы, Ғұнның ұлы – мен келем!» деп, бостан босқа айтқан жоқ қой!

БИСМАРКТЫҢ КҮМӘНДІ БІР ОЙЫ

«Орыспен жасалған кез келген келісім соны жазған қағаздың құнына да тұрмайды».

АБАЙ

Абай – Алаштың алып рентгені! Біздің бәріміз де кеудемізді ашып, соның алдында тұрмыз; ішімізде нендей өрт, кеудемізде қандай дерт – барлығы сол рентгеннен көрініп тұр!

АЛЛА МЕН АҚЫН

Ақын болсам дейтін адам ең әуелі Пушкиннің «Ақын мен тобыр» деген жырын жатқа оқу керек. Поэзия – Құдаймен сөйлесу! Дантенің «Тәңірінің тәлкегі» – жұмырбасты пенде мен Алланың арасындағы диалог. Тобырға дәлдүріш қандай керек болса, халық та ақынға сондай зәру! Дәлдүріш Тәңірімен сөйлесе алмайды. Пендемен сөйлеседі… Пенденің тілін тауып, пендені Тәңірге теңеп, марапаттайды, өзінің хайуандығына өзі мәз болып, өзге хайуанды соған тәнті етеді…
Олжас, ел не десе о десін, біздің заманымыз­дың ұлы ақыны: «Поэт красивым должен быть как Бог, кто видел Бога, тот, кто видел Пушкина!» деген! Мұқағали Пушкиннің Мәскеудегі ескерткішіне қарап тұрып: «Ақынның ақындығы атақта емес, Ақынның ақындығы – арда ғана!» дейді!

АЛТЫН АЙДАРЛЫ ҰЛДАР-АЙ!

Екінші дүниежүзілік қырғын тәмамдалар тұста Сталин Черчиль мен Рузвельтке неміс интеллигенциясының беткеұстарының бәрін қырып тастауды ұсынған.
– Неге? – депті Уинстон Черчиль зәресі ұшып.
– Немістер сонда елу жыл бойы бас көтере алмайтын болады, – деп жауап берді Сталин.
Ұлтты тұқыртып, оның түбіне жетудің бірден-бір жолы сол елдің зиялыларының көзін жою екен. Қазақ ол өткелектен де өтті. Отыз жетінің репрессиясында қазақ халқының жақсысы мен жайсаңы қырылып қалды.
Қайран, алтын айдарлы ұлдар-ай!
Ел боламыз десек, қазақтың алтын айдарлы ұлдарын төбемізге көтеруіміз керек!

СТАЛИН МЕН ГРУЗИН АҚЫНДАРЫ

Сталин де өлең жазған. Отызыншы жылдары грузиннің бір топ әдебиетшісі Сталинге: «Біз сіздің өлеңдеріңізді өзімізге үлгі қылып алғанбыз» дегенде Сталиннің не айтқанын білесіз бе? «Онда грузин поэзиясының күні батқан екен!» депті.

ҚҰДАЙДЫҢ ҚҰЛЫ

– Имам! – депті мүриттерінің бірі Шәмілге, – Осы біз не үшін соғысып жүрміз?!

– Пенденің емес –  құдайдың құлы болу үшін!  –  депті Имам.

…Біздің қазақ 300 жылдай пенденің құлы болды. Сұмдық қой – бұл!

                                                                           *

СӘКЕННІҢ БІР АУЫЗ СӨЗІ

«Қазақ тілі кеңсенің тіліне айналмай, іс оңбайды» дегенді Сәкен Сейфуллин алғаш совет өкіметі орнаған кезде-ақ айтқан. Егемен ел болсақ та ана тіліміз әлі өз елінде өгей бала кейпінде. Неге? Қазақ тілі –  кеңсе тіліне, ұлттық мектеп, институт, универститеттер мен банк-қаржы, экономикалық қарым-қатынас тіліне айналмай, Мемлекеттік Тіл боп, мерейлене алмайды!

Мәселе әлі Сәкеннің баяғыда айтқан бір ауыз сөзіне тіреліп тұр!

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды