«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Кейкі мергенді» көргеннен кейін…

0 1  605

Кейкі Көкембайұлы – 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі қолбасшыларының бірі, Аманкелді батырдың жан жолдасы. Құралайды көзге ататын атақты мерген туралы ондаған жылдар бойы шындық айтылмай, оны «бандит», «ұры», «қарақшы» деп даттаумен келді. Кейкі – Аманкелдінің қарулас серігі, көмекшісі, мыңбасы болып патша жазалаушыларына қарсы Күйік, Құмкешу, Доғал, Торғай соғыстарының бәріне қатысып, асқан ерлік көрсеткен, жүрек жұтқан қайсар да қайратты батыр.

Ел арасында «Кейкінің қолы мерген, Аманкелдінің көзі мерген» деген сөз бар. Кейкі көздегенін қалт жібермейтін мерген болған. Мергеннің ақтарға да, қызылдарға да қызмет еткісі келмеді. Әсіресе, Кейкінің саясат сахнасында ерлік, билік жұмыстарға араласпай, адасқан киіктей оқшауланған кезі Аманкелді батырдың өлімінен кейін болған тәрізді. Аманкелді сардар «түсініксіз жағдайда» қаза тапқаннан кейін, бұл іске Әбдіғапардың да қатысы бар деген ел арасында тараған қаңқу сөзге алғашқыда аңғал батыр сеніп қалады. Қазақтың бір жайсаңын бір жайсаңына өлтірткісі келгендер Әбдіғапар мен Кейкінің арасына осылай от салған. Мұның ақыры үлкен қантөгіске апарып соғатынын білген Әбдіғапар ханның жақыны Ержанның Қалиі деген ел арасының беделді адамы Кейкіні райынан қайтарып, оның Әбдіғапар хан туралы пікірінің қате екеніне көзін жеткізеді. Арадағы ағайынның араласуымен Кейкі Әбдіғапарға деген кегін басып, мерген өз тіршілігімен мамыражай күн кешіп жүргенде, қызылдардың Әліби Жанкелдин жіберген арнаулы отряды Аманкелдінің өлімін Әбдіғапардан көріп, Әбдіғапарды 1919 жылы атып кетеді.
Әбдіғапар ханның өлімінен кейін Кейкінің бүкіл тыныс-тіршілігі, ақыл-ойы бір тоқтамға келе алмай, әуре-сарсаңға түсіп, оқшау тұрмыс кешеді. Ол енді тіршіліктегі дүниеден түңіліп, ақтарға да, қызылдарға да қосылмай, өзінің келешегін басқа жерден, басқа елден іздеуді мақсат етеді. Сөйтіп Кейкі мерген азғантай ағайын-туыстарымен ертеде ақтармен шайқасқан бір соғыста қолға түскен татардың солдатын ертіп, Ұлытау арқылы сыртқа кетпекші болады.
Айта кететін бір шындық, осы татар жігітін өзімен бірге шетелге алып кетпекші болғанда, Кейкінің аяулы жары – Ақжан сұлу айтты деген сөз ел аузында осы кезге дейін сақталған, Ақжан сұлу: «Батыр, мына ноғайды бетіне жібер, жүрегім бірдеңе сезеді, осыдан опа таппай-ақ қой, оның мінез-құлқы маған ұнамайды» депті күйеуіне наздана отырып. Ақжан сұлудың бұл кезде мергенге еркелейтін де, назданатын да жөні бар еді, өмірде еркек баланың иісін аңсап жүрген Кейкінің бұл кезде көңілі қуанышты, Ақжан екіқабат болатын. Батырдың тұқымсыз өтем бе деп өмірден түңіліп:
Қарындасым – қанатым,
Ұшқыр қылыш болатым.
Еркек балам жоқ еді,
Айырып жаудан алатын, – деп торығып жүрген кезі болатын. Міне, Кейкі мергеннің ең ақырғы аянышты өлімі, қызылдардың бүкіл Кейкі әулетін атып өлтіруі де дәл осы кез еді.
«1922 жылғы сәуір айының 22 жұлдызында Жыланшық бойындағы Жалаулы деген жерде Сүтемгеннің Жәкенінің үйіне әйе­лімен, 2-3 жақын туыстарымен қонып жатқанда, түн ішінде Торғайдан жасырынып шыққан қызылдардың 50 шақты солдаты үйді қоршап алады. Үйді күзетіп тұрған Кейкінің інісі – Оспанның Түскенін қызылдар қылышпен турап өлтіреді. Үйдің ішінде Кейкінің әйелі Ақжан күйеуіне көмектесіп, жаудан есікті қорғап оқ атады. Енді Кейкіні соғысып ала алмайтынын түсінген қызылдардың командирі қулыққа көшеді. Кейкіге еріп келе жатқан ақтың солдатына терезе жақтан, сырттан орысша айқайлайды.
– Сен Кейкінің ту сыртынан келіп, екі қолын ұстап, өзің бұғып қал, сол кезде біз Кейкіні атамыз, ал саған еркіндік береміз, жұмысқа аламыз, – деп өтірік уәде береді. Қызылдардың екіжүзділігіне сеніп қалған бейшара қашқын татар іштен «Кейкіні ту сыртынан ұстадым» деп айқай салғанда, қызылдар отрядының бастығы Кейкіні дәл маңдайдан атып салады. Ал екінші оқ Кейкінің әйелі Ақжанға тиеді. Қызыл жендеттер Кейкінің басын кесіп, қанжығасына байлап, өздерімен бірге Торғайға алып кетеді. Кейкінің екіқабат әйелі Ақжан сұлудың басын қылышпен шауып, қарынын жарады, сөйтсе Ақжан сұлу құрсағында айы-күні толысқан ер бала бар екен, ол ана құрсағында қызыл қанға боялады. Ал қызылдарға көмектесіп, Кейкіні ұстаған қашқын татарды олар Торғайға кетіп бара жатқанда жолда атып кетеді». Маған бұл деректі әкем Қорған Әмірхамзаұлы айтқан еді. Оған Жарылғасын атты туысқан әкеміз айтыпты. Бұл кісі Кейкінің басын алып, өздерінің қатыгез жауыздықтарына масаттанған қызылдардың отряды Торғайға бара жатқанда Аққұм болысының ірі байы Нұртайдың үйіне қонады. Жарылғасын ақсақал – осы Нұртайдың баласы. Әкем осы әңгімені одан елу жыл бұрын жазып алған.
Кейкі мерген қайшылығы мен бұралаңы мол заманда халқының бостандығы үшін күрескен, осы жолда жанын пида еткен арыстан жүректі, рухы күшті ерлердің бірі де бірегейі болып ұрпақтар санасында қала бермек.
Иә, келешек буын үшін есте қалдыру мақсатында Кейкі батыр бейнесінің кинода сомдалуы бізді де қуантты.
«Біткен іске сыншы көп» дейді дана халқымыз, дегенмен тарихи ұлы тұлғамыз, даланың еркесі – Кейкі бейнесінің кино әлемінде көрініс табуы – құптарлық жағдай. Ауылдас ағамыз, сегіз қырлы, бір сырлы жан – Шөптібай Байділдин мен Торғай еліне белгілі Берік Әбдіғалиұлының аталған туындыға кеңесші болуы фильмнің маңыздылығын арттыра түседі. Айтқандай, кәсіби тарихшы – Құрманғали Дәркеновті де шақырту керек еді.
Жарайды, «айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей, жалпы осындай фильм үшін қуанғаныммен, кейбір көңілге қонбайтын дүние­лерді айтпасам тағы болмас. Оның үстіне, елдегі қариялардан Кейкі туралы әңгімелерді бала күнімізден естіп өстік.
Бірінші, аға буын әртістерінің образдарды бейнелеулеріне шәк келтірмесем де, кейінгі жас әр­тіс­тер диалогтарының деңгейі мектеп драма үйірмелерінің дәрежесінде қалғаны мені қынжылтады. Құдды, сол заманның емес, қазіргі әдеби бұрмаланған тілде сөйлеп жүрген сияқты. Сұхбаттарға қарап Кейкі дәуірінің кісілері тіріліп келсе, мұндай сөздерді тіпті түсінбес еді.
Екінші, фильмнің түсірілген аймағын алайық, әрине Торғай жері Сарыарқаның жазықты өлкесінің бірі десек те, Қызбел, Шилі, Тасты жерлерінде кішігірім таулар бар, ал Ұлытауға жақын Сарыторғай, Қараторғай өңіріндегі тауларында Кейкі үңгірінің аталған өлкеде болуы тегін емес екенін көрсетеді.
Үшінші, «Дуан» деген атпен белгілі әкімшілік орталықты Торғай дуаны, яғни Торғай қаласы деп шамаладым. Қазіргі күнге дейін жұрт, әсіресе ата-­әжелеріміз «қала», «дуан» деп әспеттеп отырады. Әрине, патша заманында аталған өлкеде Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз бен Торғай басты қалалар болғаны белгілі, өкінішке қарай, ол заманның тарихи (қала сәулетінің) ескерткіштері Торғайда сақталмаған деуге болады. Алайда қазіргі Орда жеріндегі қала көріністерін фильмде пайдаланғанда күшті болатын еді. Нағыз сәйкестікті, ұқсастықты көрер едік.
Төртінші, тарихи тұлғалардың отаршылдыққа қарсы күресін 1908 жылғы Торғай қаласындағы қазақтар мен казактар арасындағы төбелестен бастау қажет еді. Менің ойымша, тіпті Кенесары көтерілісіне қатысқан Иман, Жәуке, Шәкір батыр ұрпақтарының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін бастауы тегіннен-тегін емес еді.
Бесінші, баррикаданың ар жағында қалған, бірақ бәрінің мақсат-мүддесі ортақ Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Кейкі батыр, Әбдіғапар ханның, Аманкелді батыр, Әліби Жанкелдиннің бейнелерін сомдағанда сақ болуымыз керек. «Өткенге салауатты, келешекке аманатты» ұмытпайық.
Алтыншы, Торғай қазақтарының 1916 жылғы көтерілісі Орта Азия мен Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістерінің бірі және бірегейі екенін ескеріп, оның маңыздылығын барынша ашу қажет еді. Олардың саны 75 мың шамасында болған, патша өкіметінің тұрақты армиясымен шайқасып, тіпті көтерілісшілерді аэропланмен бомбалағанын біреу білсе, біреу білмес.
Жетінші, ел билеген Әбдіғапар хан ауылы нағыз хан ауылы ретінде көрсетілуі қажет еді. Жалпы, кинодағы қай ауылды алсақ та өте қарапайым, жұпыны. Киіз үйлері тіпті хан, батырдың емес, қойшының үйі сияқты.
Сегізінші, көтерілісшілерді азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз еткен байлардың (қазіргіше айтсақ, меценаттардың) рөлі айрықша ашылуы керек еді.
Тоғызыншы, Мария қайдан пайда болған образ екенін түсінбедім (екі сөзінің бірі «пішту»), қажет те шығар, расында, Торғай орыстарының қазақша білмейтіні жоқ, алайда бұл сол баяғы жалған интернационализмнің жұрнағы ма екен?
Оныншы, ауыл ішіне келіп аттан түсіп жатқандары тіпті ерсі, атам қазақта мұндай болып па еді?
Он бірінші, Кейкіні әуел бас­тан саяқ жүргізіп қою қаншалықты дұрыс, оның бөлектенуі, бұған дейін жазғанымдай, Аманкелдінің жұмбақ өлімінен кейін еді ғой.
Он екінші, Ақжан еріне «Кейкі, Кейкі» деп қарата сөйлейді, қазақ әйелі «отағасы» сияқты сөзді қолданбаушы ма еді? Мысалы, Аманкелді туралы естеліктерде оның әйелі Балымның «Батыр» деп жүгінуін білуші едім.
Он үшінші, бақсыға «шал, шал» деп Кейкіні сөйлетіп қоямыз, ата дәстүрі мен дініне берік мерген солай деп айтар ма еді?
Жалпы, осындай «әттегенайлары» бола тұра, Кейкі батыр туралы фильм қазақ кино өнеріне қосылған жаңа бір туынды деп қабылдадым.

Амандық ӘМІРХАМЗИН,
тарихшы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды