«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Госпиталь аруы

0 112

Осыдан тура 39 жыл бұрын, 1979 жылдың 25 желтоқсан күні Кеңес әскері Ауғанстанға кірген еді. Осы елдегі соғыс жағдайында бір мыңға жуық қазақстандық жауынгер ерлікпен қаза тапты. 1989 жылдың 15 ақпаны күні Кеңес әскерінің шектеулі контингенті Ауғанстаннан шығарылды.

 

Астана қаласының ортасында, қазір айтып жүргеніміздей, Есілдің оң жағалауындағы Абай даңғылы мен М.Әуезов көшесінің қиылысында орналасқан Отан соғысы мүгедектеріне арналған госпиталь ертеректе «Обкомның емханасы» аталатын. Мұнда, негізінен, Целиноград облыстық партия комитетінің басшылық қызметкерлері мен Ұлы Отан соғысының майдангерлері ғана емделетін. Кейіннен бұл мекеме тек соғыс ардагерлері мен Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысушыларға, Семей полигонында қызмет атқарғандарға медициналық қызмет көрсететін болды.
Целиноград қаласындағы медицина училищесін бітірген Бақыт Қалиева еңбек жолын осы мекемеде, атап айтқанда №4 емханадан бастаған. Бұл 1983 жыл еді. Бала кезінен ақ халат киіп емханада жұмыс істеуді армандайтын мейірімді қызға мұндағы жұмыс бірден ұнады. Әсіресе, майдангерлер аталарға көмектескен сайын көңілі көтеріле түсетін.
Тағдыр деген табан астында күтпеген тарту жасайды екен, жап-жас медбике Бақыттың өмірі де бір сәтте өзгеріп шыға келді. Емханада жатқан қалалық әскери комиссариаттың бастығы осындағы медбике қыздарды жинап алып «Ауғанстанға бара­тын­­дарың бар ма? Ол жақта жара­ланған, сырқаттанған жауынгерлерге ем-дом көрсететін медицина қызметкерлері жетпей жатыр. Бірақ ескертемін, бұл – тәуекелді ұсыныс. Соғыс болып жатқанын білетін шығарсыңдар» деп ашығын айтты. Содан ойланып-толғанып төрт-бес қыз баратын болды. Бәрі бір күнде қалалық әскери комиссариатқа рапорт берді. Алайда тек Бақыт Қалиева ғана шақырту алатын болды. Сөйтіп, 1984 жылдың ақпан айында қазақтың қаршадай қызы оқ пен отқа оранған Ауғанс­танның Пули-Хумри провинция­сында орналасқан әскери госпи­тальға келді.
Бақыттың алғашқы байқағаны, мұнда елдегідей жайбарақат тірлік жоқ екен. Емдеуші де, ем­делуші де қаһарлы болып көрінді. Палатаға бас сұққаны сол еді, басындағы байлаған ақ мәрлісі қып-қызыл қанға боялған, ыңырсып жатқан жауынгерді көргенде Бақыттың денесі мұздап кеткендей болды. Бұрыштағы керуетте жатқан жігіттің оң аяғы тізеден жоғары кесілген екен… Ерсілі-қарсылы жүрген жауынгер сол қолын мойнына жіппен байлап алыпты. Осы көріністің бәрі «обкомның емханасынан» келген жас медбикенің санасын дүр сілкіндірді. Көп ұзамай-ақ «Өзім сұранып келгенмін. Енді шегінетін жер жоқ. Мен осы жаралы жауынгерлерге көмектесуім керек. Сол үшін келдім ғой…» деп өзін-өзі қамшылап жіберді. Сол сәттен бері Бақыт Қалиева қаншама адамның жанын сақтауға қол ұшын созды. Өзіндей өрімдей жігіттердің өмір үшін күресуіне көмектесті. Ауыр жарақаттан жаны қиналғандарға мейірімін көрсетті. Осылайша Ауғанстан соғысының алапатын көзімен көріп, жүрегімен сезінген ақмолалық ару араға екі жыл салып елге оралды.
1986 жылдың мамыр айында Бақыт Қалиева еңбек жолын бастаған қалалық госпитальға қайта келді. Мұндағы дәрігерлер қауымы кеудесіне екі медаль таққан медбике қызды құшақ жайып қарсы алды. Сөйтіп, бейбіт өмірдегі алаңсыз жұмысын жал­ғастырды. Өзі жақсы көретін Ұлы Отан соғысы майдангерлеріне мейірлене қызмет көрсете берді.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Бақытты емхана бас­шы­лығы Ташкент қаласында өткен 1-інші Бүкілодақтық интерна­ционалист-медиктер слетіне делегат ретінде жіберді. Осы шара барысында «Ауғанстан халқының ризашылығы» медалі­мен марапатталды. Кеңес Одағы­ның Батыры Руслан Аушев «За заслуги» медалін табыс етті. Сонымен қатар Бақыт Қалиева – «Әскери медицинаға сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері.
Күнделікті жұмысымен қатар, қоғамдық шараларға да белсенді қатысатын жауынгер-интернационалист Бақыт Қалиева бүгінде зейнет демалысына шыққан. Бірақ өмірінің өзегіне айналған сүйікті ісінен алыстап кете алмай жүр. Астана қаласындағы №1 көпбейінді ауруханасында диетолог-медбике қызметін атқарады. Өзінің жолымен келе жатқан жас медбикелерге білгенін үйретеді, өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Ал жұмыстан қолы қалт еткенде «Астана қаласының Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ұйымына асығады. Мұнда ол жан-жүре­гін ұғынатын, соғыс отына шарпылған жауынгер-интернационалистермен сырласады. Жастарды отандық патриотизмге тәрбиелейтін қоғам­дық іс-шараларға қатысады. Бұл – соғыс табиғатын жан-тәні­мен түйсінген қазақ қызының аза­маттық ұстанымы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды