«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанадан ауылға дейін…

0 8

Алматы

Алматы қаласында ТМД-ға мүше елдердің жастар форумы өтіп жатыр. Іс-шараға елі­міз­дегі жастар ұйымдарының өкілдерінен бөлек, Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінен келген шығармашылық жастар қатысуда.

Ақмола облысы

Облыс жастарының білім алуы үшін қосымша гранттар мен шәкіртақы бөлінді. Бұл туралы өңір әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде белгілі болды. Бүгінде аймақта 148996 жас тұрады. Бұл жалпы облыс тұрғындарының 20,2 пайызын құрайды.

Түркістан облысы

Түркістан облысының Түлкібас ауданында бағбандар апорт алмасын өсіріп, 5 мың тонна жеміс жинады. Қазір ауданда алманың бұл түрін күтіп, баптау жұмысын 32 шаруашылық қолға алған. Жалпы, Түлкібаста 3 мың гектардан астам алма бағы бар.

Атырау

Атырауда «Түнгі сот» қанатқақты жобасы іске қосылды. Сот дауларын кешкі уақытта қарау әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша іс жүргізуді жеңілдетеді және азаматтардың уақытын үнемдейді.

Қарағанды облысы

Қарағанды облысында жылыту маусымына дайындық аяқ­та­луға жақын. Қазіргі уақытта ны­сандардың дайындығы 91 пайызды құрап отыр. Жоспар бойынша инженерлік желілердегі жөндеу жұмыстары 20 қыркүйекке дейін аяқталады.

Шымкент

Шымкентте «7-20-25» бағдарла­масы бойынша 500 мың шаршы метр, яғни 8,3 мың пәтер (бір пәтердің ауданы шамамен 60 шаршы метр) салынады. Оған 20 млрд теңге бөлінеді.

Солтүстік Қазақстан облысы

Солтүстік Қазақстан облысында 2022 жылға таман орташа және жақсы деңгейдегі жолдардың жағдайын 58 пайыздан 73 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Осы мақсатта биыл республикалық бюджеттен 10 миллиард теңге, ал болашақта 17 миллиард теңге бөлінбек.

Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс Қазақстан облысында цифрландыру бағдарламасының арқасында киелі жерлерді зерттеу жеңілдей түсті. Енді тұрғындар Қазақстанның тарихи-мәдени әлемі туралы арнайы қосымша арқылы бес тілде мағлұмат ала алады. Жобаны облыс әкімдігінің қолдауымен жеке компания жүзеге асырып жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды