«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 103

ГЕНУЯДА 600 АДАМ ҮЙСІЗ ҚАЛДЫ

Италияның Генуя қаласында автомобиль трассасындағы көпірдің құлауы салдарынан 600-ден астам адам баспаналарынан айырылды.
Соңғы мәліметке қарағанда, 632 адам өз үйлерін тастап шыққан. Олар 311 үйдің адамдары болып табылады. Қала басшылығы оларды уақытша баспаналарға орналастырған.
Автострада үстіндегі екі жүз метрлік өткел сейсенбі күні түс әлетінде құлады. Сол кезде көпірде 30 көлік келе жатқан. Нәтижесінде 39 адам оқиға орнында қаза тапқан. Мұнда іздестіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр.

ТҮРКИЯ АҚШ ТАУАРЛАРЫНА САЛЫҚ САЛДЫ

Анкара Вашингтонның өзіне жасаған әрекетіне қарай жауап қайтарып, мұхиттың арғы бетінен келетін 22 түрлі тауарға баж салығын салды.
Сауда министрі Рухсар Пекджан ханым соңғы күні салық саны тура екі есеге көбейтіліп, олардың жалпы мөлшері 533 млн долларға барғанын айтты. Ол сонымен бірге АҚШ-тың Түркия үшін жалғыз сауда әріптесі емес екенін, одан басқа да байланыстағы елдердің баршылығын сөз етті.
Мұның алдында Анадолы Құрама Штаттардың электронды тауарларына бойкот жариялаған болатын. Билік сондай-ақ енді Американың құрылыс материалдарынан да бас тартатындарын мәлімдеді. Сәрсенбі күні түрік лидері сол жақтан келетін темекі, алкоголь, автомобиль, косметика, күріш және жеміс-жидек секілді тауарларға да тыйым салынғалы жатқанын мәлімдеді.
Түріктер бұдан бөлек, АҚШ долларына да бойкот жарияламақшы. Бұл орайда олар мұны Ресей, Қытай секілді елдермен бірге жүргізбекші.

ОТЫЗ МЫҢ МҰҒАЛІМ ШЕРУГЕ ШЫҚТЫ

Жаңа Зеландияда кемінде 30 мың мұғалім шеруге шығып, өздерінің айлық жалақыларын көбейтуді талап етті.
Соңғы 24 жылдан бері бірінші рет ұйымдастырылып отырған шеруге қатысушылар қатарын бастауыш және орта мектептерде сабақ беретін ұстаздар құрады. Олар сонымен қатар бастауыш сыныптардағы оқушылар санын қысқартуды ұсынған.
Ақпарат құралдарының мә­ліметінше, ереуіл бүкіл елдегі жүз­деген мектептердің жабылып қалып, 400 мың оқушының сабақтары өтпей қалуға апарып соқтырған. Акция осымен тоқтатылды. Егер талап орындалмаса, мұғалімдер екі аптадан кейін тағы көшеге шықпақшы.
Жаңа Зеландия елінде оқушылардың демалысы қыс айларында беріледі.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды