«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 66

ЗИМБАБВЕ ПРЕЗИДЕНТІ ЕЛДІ БІРЛІККЕ ШАҚЫРДЫ

Кеше Зимбабведе президент Эммерсон Мнангагва елдің халқын барлық қиындықты бірлесіп жеңу жолында күресуге үндеді.

Дүйсенбі күні өткен президент сайлауында жеңіске жеткен ол мұны жаңа дәуірдің басы деп мәлімдеді.
Сайлау комиссиясының мәліметінше, Мнангагва сайлаушылардың 50,8 пайыз дауысын алып, мемлекет басшысы орынтағына қайта отырған. Бұл іс басындағы президент үшін 2,46 млн сайлау­шының дауыс бергенін көрсетеді. Ал MDC партиясынан түскен қарсыласы Нельсон Чамиза 2,13 млн адамның қолдауына ие болып, 47,3 пайыз дауыс жинаған. Ол елдің астанасы – Хараре қаласындағы электорат дауысын алуда қарсыласын екі орап кеткен. Мұнда оған 548 мың адам дауыс берсе, Мнангагваны 204 мың адам қолдаған.

КИМ ЧЕН ЫН ТРАМПҚА ТАҒЫ ХАТ ЖАЗДЫ

КХДР басшысы Ким Чен Ын АҚШ президенті Дональд Трампқа тағы да үшбу хат жолдап, өзінің ойларын қағаз арқылы жеткізіпті.

Бұл туралы мәлімдеген Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс Солтүстік Корея лидерінен келген хаттың Трампқа жеткізілгенін, енді оның жа­уабы да кешіктірілмей берілетінін айтты. Бұған ол хаттың тақырыбы «Сингапурдегі саммиттен кейін жарияланған бірлескен мәлімдемеге қосымша әңгіме» болып отырғанын қосты.
Бұдан бұрын Сандерс КХДР лидерінен келген хаттың 1 тамызда қолға тигенін мәлімдеген еді. Бұл оның бірінші хаты емес. Ким Чен Ын биылғы 1 маусымда Трампқа жазған бірінші хатын КХДР Еңбек партиясы төрағасының орынбасары Ким Ён Чхол арқылы беріп жіберген болатын. Ал Ақ үйдің қожайыны оны «жылы да сүйкімді хат» деп бағалаған еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды