«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанадан ауылға дейін…

0 30

Астана
Астана қаласының әкімдігі «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС арқылы «Астана – менің Отанымның елордасы» арнайы әлеуметтік жобасын ұйымдас­тыруды қолға алды. Ол ата-­анасының қамқорлығынсыз қалған мыңға жуық баланың елордаға қыдырып келіп-кетуіне жол ашады. Осылайша 9 шілдеде Маңғыстау облысынан сондай 36 бала үш күндік сапармен келді.

Алматы
Оңтүстік мегаполисте биылғы жазда 600-ден астам аула жөнделеді. Енді 8 пәтерлі үйдің орнына «Алматы ӘКК ҰК» АҚ жеке құрылыс жүргізушімен бірге орталықтандырылған коммуникация жү­йесі бар көп қабатты тұрғын үй салуды жоспарлаған. Жалпы, осы аймақта 44 ескі үйлер сүріледі.

Шымкент
Еліміздегі үшінші мегаполистегі Астана даңғылының бойынан жаңа жолайырық салынады. Соның нәтижесінде қаланың орталық көшелеріндегі көлік қозғалысын азайтуға болады деп есептейді мамандар. Болашақта ұзындығы 6 шақырымға жететін бұл көше Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығы мен Тассай тұрғын алабын байланыстырады.

Павлодар
Павлодар қаласында №122 мектепке дейінгі білім беретін гимназиясы жаңартылды. Өткен жылы алынған облыс әкімінің 50 млн теңгелік грантына мектепке дейінгі білім беру мекемесінде ойын-сауық бағы, спорт алаңы, мультимедиа, шахмат және роботты техника сыныптары ашылды. Берілген грант қаражатына 180 бөбек тәрбие алатын балабақшада жөндеу жұмыстары жасалып, құрылғылары жаңартылды.

Қарағанды
Кеншілер астанасында ат спорты бойынша жарыстар өтті. Оған Қазақстанның бірнеше қаласынан кәсіби және әуесқой ат бапкерлері сәйгүліктерін баптап, жарысқа қосты. Сайыстарда 20 атбегі өз арғымақтарын сынады. Бұл шараны Қарағандыдағы «Карат» және Қазақстанның ат спорты федерациясының облыстық филиалы ұйымдас­тырды.

Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Дөң ауылында 600 орындық жаңа мектеп ашылды. Жоба құны – 1,4 миллиард теңге. Жаңа мектеп 600 оқушыға арналған. Екі оқу блогынан тұратын үш қабатты ғимаратта оқушылардың сабақ оқып, шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін барлық жағдай жасалған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды