«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 62

«Кездесу орнын өзгертуге болмайды»

 АҚШ президенті Дональд Трамп пен КХДР көсемі Ким Чен Ынның кездесуіне дайындық қызу жүріп жатыр. 

 Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерстің мәлімдеуінше, кездесудің орны мен уақыты өзгерген жоқ. Бірінші кездесу, алдын ала белгіленген кестеге сай, 12 маусым күні шамамен Сингапур уақыты бойынша таңертеңгі 9-да (Астана уақытымен 07:00) басталуға тиіс. Бірақ ол журналистерге Ким Чен Ын жазған хаттың мазмұнын айтып беруден бас тартты. Сара Сандерс сол сияқты АҚШ-тың Солтүстік Кореяға салып отырған санкцияларын әзір алып тастамайтынын да жеткізді. Бұл шешім КХДР ядролық қаруын толық жойғаннан кейін ғана қабылданады.
Маусымның 4-і күні Солтүстік Корея басшы­сының Америка президенті көлігінен кем түспейтін автомобиль іздестіріп жатқаны белгілі болды. Ал Трамп делегациясы Сингапурге президенттің Cadillac компаниясы шығарған машинасын жеткізіп береді. Сондай-ақ келіссөз жүргізу үшін белгіленетін бөлменің бірнеше есігі болуы керектігі де айтылып жатыр. Бұл бір лидердің екіншісін күтіп тұрмауы үшін қажет.

Иран қуатты қаруды қайта қолға алды

Әлемнің барлық алпауыт елдері білдірген қауіп расқа айналды – Иран уран байытуды қайта қолға алды.

 Тегеран бұған бұдан бір айдай уақыт бұрын АҚШ-тың Иранмен ядролық келісім бағдарламасынан өз еркімен шығып кетуінен кейін барып отыр. Сол кезде мұның соңы осыған апаратынын Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Германия және Франция басшылары ескертіп еді.
«Кеше біз Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке ядролық бағдарлама контексіндегі жұмысымызды бастайтынымыз туралы хат жолдадық. Бүгін агенттік оны алды. Сондықтан бүгін­нен бастап іске қайта кірісеміз» деді Иран атом энергиясы жөніндегі ұйым басшы­сы Әли Акбар Салехи. Ол сонымен бірге 6 мау­сымда Натанз қаласында жаңа центрифуга өндірісінің ашылатынын жеткізді.
Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи 4 маусым күні атом энергетикасына жауап беретін минис­трлікке уранды байыту арқылы қуатын күшейту үшін дайындалуға бұйрық берді. Ол елдің «бір мезгілде санкция­ның астында қалып, бір жағынан ядролық бағдарламадан бас тар­тып» отыра алмайтынын ашып айтты.

Қытайдың түстігі тайфунға тап болды

Қытайдың оңтүстік жағалауы сейсенбіден бері күшті нөсер жауын мен қатты жел араласқан сұрапыл дауылдың астында қалды.

Елдің Гуандун провинциясын түгел шарпыған тропикалық тайфун осымен биылдыққа төртінші мәрте қайтара соғып жатыр. Ол Сюйвэнь уезінің мұхит жағалауындағы аудандарына қаттырақ салмақ салды. Мұнда желдің қуаты сағатын 70 шақырымға дейін барған. Жергілікті
билік бұл жерден 400-ден астам кемені қауіпсіз аудандарға қарай жіберген.
Үкімет зардап шеккендерге 2,7 млрд доллар шамасында ақша бөлді. Синоптиктер тайфунның бұдан ары Лэйчжоубаньдао түбегіне жылжып, бейсенбіде түс ауа солтүстік-батысқа ауатынын айтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды