«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Имандылық бізге көптік етпейді…

1 362

«Астанада неге мешіт көп?» дейді,
Шүкір,
Шүкір!
Бола берсін көп, мейлі.
Мешіт деген – ұясы ғой иманның,
Имандылық бізге көптік етпейді…» Бұл – фейсбукте Мұқағалиша жазылған дүние. Әлеуметтік желідегілер мешіт төңірегінде дауласа қалды. Ойланбай пікірін лақ еткізгендер де бар. Бәрі Астанадағы тоғызыншы мешіт ашылғанда басталды.

Шидің басы неден сынды?

Алматыда 50-ге жуық Алла­ның үйі қаланған. Ал бір ғана оңтүстіктің өзінде 100-ге жуық құлшылық орны бар. Астана мен Шымкент тұрғындары саны жағынан тым алшақ емес қой. «Қыруар ақшаны желге кетіріп» дегеннен шық­ты дау. Мешіттерге жұмсалатын қаржы бюджеттен емес, жеке инвесторлардан тартылады ғой. Біз тоғызыншы мешітті көпсініп жүргенде, ір­гедегі Қырғызстанның Дін іс­тері жөніндегі мемлекеттік ко­митеті директорының орын­­басары Закир Чотаев Кеңес Ода­ғы ыдырағаннан кейін Қыр­ғызстанда 39 мешіт бол­ғ­анын, бүгінде олардың саны мемлекеттегі орта мектептерден артып, 2600-ге жеткенін айтқаны есімізге түсті.
Біздегі талас әр рудың өз атасына ғибадат үйін сал­дыр­ғанынан бастау алған баяғыда. Оңтүстік өңірінде күмбезі бар үй көтеріп, оны мешіт атайтындар көбейіпті соңғы кезде. Мақтаарал ауданы Асықата өңірі Жаңа дала ауылында сәулетіне сәні жарасқан «Атақұл ата» мешіті ел игілігіне берілгенде де осы әңгіменің басы қылтиған.

Алғашқы мешіт қашан пайда болды?

Діни аңыздарға қарағанда, алғашқы мешіт VII ғасырда Медине жанындағы мекенде салынған көрінеді. Қағба тарихына қатысты Ибн Зия атты зиялының еңбегінде былай делініпті: «Адам (а.с.) жәннаттан жерге түсірілгенде Алла Тағалаға: «Уа, Раббым, маған не болды, мен неге періштелердің дауысын да, сыбырын да естімеймін?» деп сұрағанда Жаратушы Иеміз: «Қателігіңнен, ей, Адам! Алайда жер бетінде Менің разылығым үшін бір үй тұрғызып, періш­телердің Аршты айналып жат­қанын көргеніңдей, сол үйді тәуап ет, Мені есіңе ал» деді». (Ибн Зия. Қасиетті Мекке тарихы мен әл-Харам мешітінің тарихы. Бейрут, 1997, 55 бет). Демек, мешіт салу дәстүрі дін пайда болған дәуірден бар.

Медресе де салынса

Әлгі таласушылардың арасында Кенжебек Ескендіров газетімізге хабарласып, «Сол мешіттердің қасынан шәкірт тәрбиелейтін медресе ашылса, құба-құп» деген уәж айтты. Ал Жақсылық Тастанов есімді оқырман әрбір шақырымға бір мешіттен керек дегенді алға тартады.

Дін өкілі не дейді?

Осы мәселе төңірегінде дін өкілдерінің пікірін білмекке Астана мешіттерінің біразын араладық. Еліміздегі дін арна­сының журналистеріне де хабарластық. Қазақстан мұсыл­мандары діни бас­қар­масы өкіліне де шықтық. «Мешіттің көптеп салынуы­на таласудың өзі – ұят» деп қысқа қайырды олар. Дін қыз­меткерлерін ашулан­ды­ратындай-ақ шу. Айтқанындай, елорда төрінде баламалы энергия көзімен жанданатын мешіт күнде салынып жатқан жоқ қой, ұғынсақ.

Футуристік ғимарат керек пе?

Бірақ мәселе сол баламалы дегеннен және мешіттің құрылысына қатысты туындап отыр. Мәселен, белгілі журналист Дина Елгезек былай дейді: «Постмодернистік стильдегі мешіт салыныпты. Пай-пай, шіркін-ай! Енді құлшылық етер ғибадатxанасын да модернизациялап жіберіппіз. Баламалы энергиямен қуаттанатын авангард құтxананың дизайны дін қағидаларына қайшы емес екен. Бас қаламызға ерекше сәулет беріп тұрғаны анық. Бірақ деймін-ау, дәл қазіргідей қысылтаяң шақта футуристік ғимарат салу кімге қажет болды?».
Біздің айтарымыз: бірегей, көз тартатын ғимараттары бір-бірімен бой таластырған бас қаламызда жүзден астам мек­теп бар, емхана, аурухана кешендері де аз емес, ал ен­ді спорт, мәдениет ғима­рат­та­ры жөнінен елді ғана емес, көр­шілерді де әлдеқашан арт­қа тастағанбыз. Ендеше, ме­шіттерді неге көпсінеміз? Қайта, бір-біріне ұқсамайтын, бірегей ғимараттарға қуанайық.

Қажеттігін шын ұғынсақ…

Бір психолог қалада келе жа­тып, ана мен баланың әңгі­месіне куә болыпты. Зәулім мешіттердің бірінің қасында болыпты оқиға. Анасынан жа­нындағы балақай қолын ме­шітке қарай созыңқырап: «Мынау не?» деп сұрапты. Анасы: «Бұл – мешіт қой» деп жауап қатады. Баласы: «Бұл не?» деп сұрағын қайта қойды. Жауап тағы да қайталанды. Діттеген жауабын ала алмай тұрған бала тағы да: «Бұл не?» деп кішкене сұқ саусағын шошайтты. Қайта-қайта бір сұрақты қоя берген перзентіне ашуланған әйел: «Балам, мешіт деп айттым ғой саған» деп зекіп тастапты. Сонда психолог үндемей қалуға дәті шыдамай, әлгі әйелге: «Кешіріңіз, ханым, балаңыз сізден мешіттің атын ғана сұрап тұрған жоқ. Өзі күнде көріп жүрген жай үйлерге ұқсамаған соң, оның адамдарға не үшін қажет екендігін сұраған жоқ па?» деуге мәжбүр болыпты.

Тобықтай түйін

2018 жылдың ақпан ай­ын­­дағы есеп бойынша Қазақ­станда 2600 мешіттің 84-і қаңырап бос тұр екен. Жа­ма­ғат жиналмайды. Бұл про­цесті жүйеге келтіру үшін ғибадатхана салуда рұқсат беретін айқын стандарттар керек. Бұл туралы біраз бұрын ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі кезінде Нұрлан Ермекбаев мәлімдеген болатын.
«Жаңадан құрылыс салуға ниетті азаматтарға қосымша талаптар қойылуы мүмкін. Мысалы, ғибадатхана салудың жаңа үлгілік ережелерін енгізу керек. Мәселен, егер де мешіт немесе шіркеу қараусыз қалса, жамағат аз келсе, ғибадатхана халық көп жүретін көше бо­йында салынып, бірақ көлік қоятын орындары болмаса, қатты дыбыстар сол жер­дегі тұрғындардың мазасын алса, онда бұл құбылыс тек жағымсыз әрекеттерді туғы­затыны анық. Өкінішке қарай, бізге мұндай шағымдар түсіп жатыр. Кейде мешіт салу сән­қойлық болып саналады, ал мешітте имамның болмауы немесе оны ұстап тұру жергілікті қауымға ауыр тиетіні назарға алынбайды. Салдарынан кейбір жерлерде мешіт ғимараттары сатылымға шығарылып жатыр. Құдайшылық іс бұл тек мешіт немесе шіркеу салу ғана емес» деген еді Нұрлан Ермекбаев.
Мешітте адам рухы Алла­мен қауышады. Ал адам жаны Тәңірімен іштей тілдесіп, жан дүниесі рахатқа бөленеді. Өйткені пенденің Алла Таға­лаға ең жақын сәті – сәж­деге маңдай тигізген кезі. Қыс­қасы, ислам дінінің ең асыл құндылықтарының бірі – ме­шіт. Сол үшін мұсылмандар мүмкіндігінше мешіт салуға ерекше ықыласты болған. Олар бір мекеннен екінші бір жерге көшіп барған кезде, алдымен құлшылық жасайтын құтхана салуды ойлаған.
Біз 84 мешіт бос тұрған­да, тоғызыншы мешіт төңіре­гінде дауласпайық! Себебі Аста­надағы мешіттерде жұма намазы, Рамазан айында мінәжат ету қиын, кісі өте көп. Әр аудан, мөлтек ауданда мешіт болса құба-құп.

Қарлыға
ИБРАГИМОВА

  1. Манас :

    Телеарнадан Омар инб ал Хаттаб деген телехикаяны корсетсениз, бирде Бир мешит бос калмайды

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды