Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ҚАРЫЗЫН КІМ ТӨЛЕЙДІ?

Адал еңбек етіп, өкінішке қарай, ақысын ала алмай жүрген елордалық бір топ құрылысшының бармаған жері, қақпаған есігі қалмады. Редакцияға шағымданған олар бір жарым жылдан бері құрғақ уәдеге тойғандарын айтады. Ал жалақысын бермей кеткен «Дорожник» құрылыс компаниясы бір күнде ізім-қайым жоғалған.

Елордада екі бірдей мектеп құрылысын жүргізген жұмысшылардың басым бөлігі ауылда қалған бала-шағасын асырау үшін еліміздің әр өңірінен келген екен. «Дорожник» құрылыс компаниясында жұмыс істеген олардың саны 50-ден асады. Тек жұмысшыларды ғана емес, шағын-шағын құрылыс мекемелерін де тартқан компания бас-аяғы 150 азаматқа қыруар қаржы берешек.

Өткен жылдың соңында аталмыш кәсіпорын директоры Ерлан Жанпейісов «Құрылыста қиындық болды. Кестеден қалып қойдық. Қарызымызды екі айда қайтарамыз» деп уәде беріп қана қоймай, «Қалалық әкімдік қаржыны толық аудармады» деп жалған сөйлеген. Тауы шағылған азаматтар ұжымдық арыз жазып, сотқа дейін баруға мәжбүр болған.

«Мен 2014 жылдан бері «Дорожник» ЖШС мекемесінде құрылысшы болып істедім. Жаңа мектептің өлшемін алу­дан бастап, іргесін қалау­ға дейін атсалыстым. Негі­зінде, 2016 жылдың наурызына дейін жалақымыз тұрақсыз болды. Ал наурыздан бастап қыркүйекке дейінгі еңбегіміз мүлдем төленбеді. Ақыры болмаған соң, сотқа арыздануға тура келді. Есіл аудандық прокуратурасы жұмысшылардың әрқайсысы жеке-жеке ша­ғымдану қажеттігін айтты. «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында да болдық. Парламент Мәжілісі­нің депутаты Роман Ким мырзаға да мұңымызды жеткіздік. Ал тамыз айында құрылыс жұмыстары басқа компанияның қолына өтті де кетті. Бұрынғы басшылармен хабарласу мүмкін болмады. Бір күннің ішінде офисті таппай қалдық» дейді Амангелді Қалдыбаев. Оның айтуынша, құрылыс мекемесі Сауран көшесі, 3/1 мекенжайында болған. Аталмыш мекенжайға Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары да іздеп барған. Алайда еңбек инспекторлары аталмыш мекеменің орнында «Асыл қазына» оқу орталығы жұмыс істейтінін анықтап отыр.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Астана қаласының Құрылыс басқармасы мен «Дорожник» ЖШС арасында мемлекеттік тапсырыс аясында үш келісімшарт жасалған. Соның бірі – электронды конкурс бойынша құны 871397442 теңге болатын келісімшартта Жирентаев көшесінде орналасқан №22 мектеп-гимназияға қосалқы ғимарат салу қарас­тырылған. Құжат бойынша құрылыстың орындалу мерзімі 2016 жылдың 30 тамызында аяқталуы тиіс. Алайда компания мерзімінен кешігіп, өз жұмыстарына салғырттық танытқан. Жосықсыз компа­нияға бюджеттен 468681904 теңге көлемінде аванс төлен­се де, толық игермеген. Осы­лайша, тұрақсыздық таныт­қаны үшін мемлекет пайдасына өндірілетін сома 62627638 теңгені құрайды. Ал дебиторлық берешегі – 49411010 теңге.

«Жеке кәсіпкермін. «Дорожник» ЖШС менің жұмысшы­ларыма да 750 мың теңге қарыз болды. Амалдың жоғынан несие алуға мәжбүр болдым. Сот біздің пайдамызға шешілсе де, әлі күнге дейін нәтижесіз. Кімнен өндіріп аларымызды білмейміз. Қаншама адамның жүйкесі жұқарды. Бір жарым жылдан бері адал еңбегіміздің ақысын сұраумен талай есіктерді тоздырдық» дейді «Ажар» ЖК басшысы Айша Сансызбаева.

Қарапайым жұмысшылар­дың көбі алты ай бойы екі бірдей білім ошағының кір­пішін қалап, қабырғасын сылап, есік-терезелерін орнатып берген. Қазіргі уақытта №22 және №17 мектепте мыңдаған оқушы білім алуда. Бірақ қосымша білім беретін қосалқы ғимаратты тұрғызған жұмысшылардың жан айқайы әлі күнге дейін бітер емес.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*