Қазақтың киесі – атамекені

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында таяу жылдардағы міндеттерді алға шығарған еді. Елбасы «Отанды сүю кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» дей келіп, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды.

Бағдарламаның «Туған жер» аталу себебін Нұрсұлтан Әбішұлы былайша түсіндіреді: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көрініс­терінің бірі» деп тұжырым жасайды. Сонымен қатар, Елбасымыз жеке тоқталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының бағдарламалық ережелерін жүзеге асыру мақсатында халық санасында жалпыұлттық қасиетті жерлер жайлы құндылықтарды нығайту бойынша «Қазақстанның киелі жерлері» немесе «Қазақстанның сакралды географиясы» жобаларын жүзеге асыру қажет. Жобаны жүзеге асыруда Қазақстанның сакралды нысандарын далалық экспедиция түрінде кең ауқымда кешенді зерттеу, материалдар жинау, жүйелеу жұмыстары негізге алынатын ұстанымдардың бірі болып бағамдалады.

Барша қазақстандықтардың бойындағы қызғыштай қорғайтын қадір-қасиеттің қыл пернесін дөп басқан бағдарлама халықты елең еткізді. Әр қазақтың қадір тұтар киелі ұғымын ұлықтау жөніндегі ­Елбасының ұсынысы халық тілегімен бір арнада тоғысты. Артынша ҚР Ұлттық музейінің «Қасиетті ­Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, ауқымды жұмыс­ты бастап та кетті. «Қасиетті ­Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы басшысының орынбасары Батырхан ЖҰМАБАЕВТЫ әңгімеге тартып, Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын әзірлеу барысына қаныққан едік.

– Жұмыс істей бастағанымыз­ға екі айдан асты. Осы аралықта тұжырымдамамызды бекітіп, бірнеше жылдарға арналған жұмыс жоспары мен жобаларды әзірлеп отырмыз. Соның бастысы – «Рухани қазынамызды» түгендеп жатырмыз. Жыл соңына дейін сұрыпталып, ғылыми сарапшылар талқысына ұсынамыз. Бұл – ауқымды бағдарламаның бір саласы ғана. «Асыл ұрпақ» және «Ұлттық құндылықтар – ел бірлігі» деген арнайы бағдарламалар аясында игерілер жұмысты белгілеп отырған жайы­мыз бар.

Рухани қазыналарымыздың қатарына жалпыұлттық деңгейдегі рухани мұраларымыз және алты алашқа белгілі нысандарымызды топтастырып отырмыз. Оның өзі жүзден асып отыр.
– Жергілікті халық үшін туып өскен жерінің тау-тасы да, жалғыз өскен ағашы мен ескі жұрттағы төбесі ойылған белгісіз мола да киелі саналады. Бізге салса, жанымызға ыстық дүние­лердің бәрін тізімге енгізіп, қасиетті географиялық картаның бетін толтырып-ақ тастағымыз келеді. Алайда қасиетті жерлерді таңдаудың белгілі бір критерийлері бар шығар?

– Қазақтың кең байтақ даласының қасиетті емес сүйемдей де жері жоқ. Ұлан-ғайыр жерді бүгінгі ұрпағына жеткізген ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолының тарихы тау-таста, бұлақ-бастауларында, көне қорымдарында таңбаланды. Оның қасиеті жайында аңыздар жетті. Енді өз тарихының тінінен айырылып қалған біздерге сол даланы кезіп, қасиетті киесін ұлықтап, оның төл мұрамыз екенін ашық насихаттайтын кез жетті.

Ондай нысандардың ел аузында жүрген аңыз-әпсаналарын жинақтап, белгілі бір тұлғаларға қатысты болса, онда оның қазақ мемлекеттігінде, руханиятында, сая­си өркендеуі мен болашағындағы рөліне мән беріп айшықтамақпыз.
Мұның мүмкін саяси, мәдени, діни, рухани астарына мән береміз. Осы негізге сүйене отырып, халқымыздың берік әрі мықты рухани қалқанын жасаймыз.

Түркістандағы түмен бап, Сайрамдағы сансыз бап

– Әрине, көзі қарақты жан қазақ руханияты сөз болғанда кие­лі Түркістан жеріндегі, Қаратау бойы мен Сырдың төменгі ағысы, Баянауыл өлкесі мен батыстағы пір Бекеттің мұрасы сияқты кие­лі жерлерді еске алады.
– Әрине, аталған қасиетті орындардан айналып өтпейміз. Дегенмен арнайы әдістемелік нұсқаулық бар. Соған сәйкес, бұл тізімді реттеуде өңірлердегі Мәдениет басқармасы айналысады. Одан бөлек, осы мәселеге жауап беретін облыс, қала әкімдерінің орынбасарлары бар. Олар ғалым-өлкетанушылардан, тарихшылардан және жергілікті ақсақалдар кеңесінен тұратын жұмысшы топтарын құрайды. Бұл іске жергілікті жердің шежірешілері мен қоғам белсенділері де қосыла алады. Олар ортақ шешімге келіп, хаттаманы біздің орталыққа жолдайды. Тамыздың алғашқы ондығында қолда жиналған ұлттық республикалық деңгейдегі нысандардың тізімін кеңестің талқысына салмақпыз. «Туған жер» атты Қазақстанның өлкетанушылар бірлестігі құрылды. Оның мақсаты – өлкетанушылар бірлестік мүшелерімен бірлесе жұмыс істей алады, әртүрлі аймақтардағы өлкетанушы көнекөз қарттарды тарта отыра, рухани мұрамыз­ды іздестіру.


– Барша қазақ жерінен небәрі жүз нысан шықты дегенді қомсынып отырмыз, дегенмен аз да емес. Ескерілмей келген ескінің көзінен не кірді деп сұрауға бола ма?
– Бұлардың бәрі – қазақ тарихындағы көрнекті нысандар. Елорда төріндегі «Бәйтерек», «Мәңгілік ел» монументі барша қазаққа қастерлі емес пе?! Алматыдағы өршіл қазақ жастарының қаны тамған алаң да сондай құрметке ла­йықты. Кешегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістерге қатысты нысандар мен Аңырақай шайқасы өткен жерлерге де бабаларымыз қанымен қасиетін қондырған.

Бұқар жырау, Абай, Шәкә­рім, Ыбырай Алтынсарин кесенелері, Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп кешені, Ахмет Байтұрсыновтың жатқан жері де қасиет тұтар орындарымыз. Тек Ақмола облысынан бес бірдей қасиетті нысанды таңдап отырмыз. Оның бірі – «Хан ордасы – Көкшетау», «Абылай хан» алаңы, Кенесарының үңгірі, «АЛЖИР», Қабанбай кесенесі, VI-VII ғғ. Құмай-Қосбатыр ортағасырлық мемориалды діни кешені.
– Қазақ жерінде өткен шайқастар жайын түгендесек, онда «қалмақ қырған» деп аталатын жерлерді қандай тізімге салдыңыздар?

– Қостанай облысының Қамысты ауданында қазақ жасағы жерленген деген балбал тастар тізімі келді. Жоңғарлармен алғашқы шайқастар сонда өткен деседі. Дегенмен «қалмақ қырған» деп аталатын жер атауы бірнеше облыстарда кездеседі. Оның атауы айқайлап тұрғанымен, зерттеуі кем. Алдағы уақытта ғалымдар басқа дәлел тауып, тағы да жаңалықтар ашылып жатса, онда бүгінгі біздер таңбалаған ұғымға тіреліп қалуы әбден мүмкін. Тарихтың кейбір күмәнді тұстарын ашық қалдыруымыздың себебі де сол. Алайда тарихшылардың ізденісіне мүмкіндік бере отырып, оған алдағы жылдарда қайта оралуымыз әбден мүмкін.

Сайып келгенде, тек бір аңыз­дың ізімен-ақ қасиетті жерлер деп қадірлейтін атаулы орындар жоқ емес. Соның бірі – Ордабасыдағы «Бірлік» төбесі. Айтылып жүрген аңызға қарағанда, бұл төбе қолдан үйілген. Елдің әр түкпірінен 1726 жылы ұлы құрылтайға жиналған жасақтар өздерінің туған жерлерінен бір уыс топырақ ала келіп, сол төбеге үйген деседі. Халықты тұтастырып, ынтымағын арттыруда маңызы бар мұндай жерлер тағзым етуге тұрарлық.

Орны бөлек Арыстар мұрасы

– Бергі тарихтың бедерінде Алаш арыстарының орны бөлек, олардан қалған мұра ұлықталды ма?
– Алаш қозғалысы мен тұлғаларына қатысты он шақты жер тізімге енгізілді. Ал соңғы шешімін Ғылыми кеңес айтады. Бұл бағдарлама қазақтың «киелі» деген ұғымын кеңейте түседі. Біз қазақ мемлекеттігінде орны бар тұлғаларды ұлықтау арқылы қасиетімізді ұғамыз. Олардың өмірбаянымен танысып, олардың ізі қалған жерлерде болып, тарихпен жақындаса түседі. Әр қазақтың елін-жерін сүюге осы сакралды жерлердің ықпалы болмақ.

Егер басын ашып алғымыз келсе, республикалық деңгейдегі нысандар мен жергілікті аумақтардағы әлі де зерттеуді қажет ететін, халыққа танымал болмаса да, жергілікті халық қастерлейтін тарихи мәні бар орындардың өзі бір төбе.

Бұл дегеніміз – жұмыс осымен тоқтап қалмайды деген сөз. Алдағы уақытта үш тілде бес томдық энциклопедия жасалады. «А» әрпінен басталатын алғашқы томдық жылдың соңына де­йін жарық көрмек. Алдағы бес жылдың ішінде атқарылатын орасан зор жұмыстар, түрлі этнографиялық экспедициялар ұлттық тарихымыздың жаңа беттерін ашып, ұлттық құндылықтарымызды әспеттеп, өз орнына қоюға үлесін қосады деп ойлаймын.

Бір жақсысы, ұлтымыздың салт-дәстүрімен бірігіп кеткен, өткені мен бүгінінен сыр шертетін тарихи құндылығын ұлықтау тек бір орталықтың жұмысы ғана емес. Оған өзге де мемлекеттік органдардың ведомстволары іске тартылуда. Атап айтсам, Президент Әкімшілігі тарапынан Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де ҚР

Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Ақпарат және коммуникация­лар министрліктері бірігіп, арнайы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі құрылды.
– «А» әрпі дегенде…


– Астана, Алматы қала­ла­ры, Ақмола облысы, Ал­ма­ты облысы, Ақтөбе облысындағы қасиетті жерлердің атау­лары мен ғылыми түсініктемесін қамтиды. Ақтөбедегі Хан моласы, Қобыландыға қатысты жерлер көпшілікке таныс емес. Енді осы жинақ арқылы киелі жерлер туралы мәліметіміз молығатын болады.

Бұл зерттеулердің ізінде туристік бағдарлар тұрғаны жасырын емес. Мысалы, бір өңірге іссапармен бара қалсаңыз, онда осы жерлердегі қасиетті орындарға соға кетуге мүмкіндік болады. Іріктеліп алынған орындардың инфрақұрылымдары құрылып, алдағы уақытта ел экономикасына да табыс алып келетін туризмнің дамуына жол ашылады. Энциклопедияның ізінше түрлі заманауи қосымшалар шығарылып, бұл ақпараттар қолжетімді болады.
– Қазақтың бергі үш жүз жылдық тарихында өзге жұрттардың да ізі қалды ғой. Ол қалай іріктелді?
– Патша салдырған Перовск бекінісінде қазақ жеріндегі ең көне шіркеу қалыпты. Ол ескі ғасырдың сәулет үлгісі әрі христиан діні белгісі ретінде тізімге ұсынылып отыр.

Қазақ жеріне айдалып келгендердің арасында әлемдік аты бар тұлғалар жоқ емес. Соның бірі – Достоевский, екіншісі – Тарас Шевченко ғұмырының біраз күндерін осы жерде өткізді. Олардың да қастерлейтін ұрпақтары осында жасап жатыр. Сол үшін де бұл тұлғаларға қатысты жерлерді де тізімге қосуға тырысамыз. Атап өту керек, ұлтымыздың айтулы тұлғаларының белгілері шетелдерде қалды. Оны да тізімдеп, халық санасында өшірмеуге атсалысуымыз қажет-ақ.

Сұхбаттасқан:
Айгүл УАЙСОВА

Сонымен қатар

Welcome to Astana – ШЕТЕЛДІК ТУРОПЕРАТОРЛАРДЫ АСТАНА ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ

Астанаға Қытай, Иран және ТМД елдерінен 80 туроператор келіп, «Астана Конвеншн бюросының» ұйымдастыруымен өткен «Welcome …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған