«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

328 отбасы баспаналы болды

0 62

Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңын­да жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, қала әкімі Әсет Исекешев баспана кезегінде тұрған отбасы­ларға пәтер кілтін салтанатты түрде табыстады.

– Баршаңызды елорда мерей­тойымен құттықтаймын. Қаламыз өсіп-өркендеп, көркейе берсін. Осындай мерейлі мереке қарсаңында қуаныштарыңыз еселеніп, баспаналы болып жатырсыздар. Қоныстарыңыз құтты болсын. Әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін, – деді Әсет Исекешев өз сөзінде.
Салтанатты рәсім барысында қазақы дәстүрмен шашу шашылды. Кезектері келгенде баспаналы болғандарды қуаныштарымен құттықтаған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мен аталмыш тұрғын үйді сал­ған мердігер компания «KAZ Intel Group» ЖШС директоры Қанат Жалғасұлы да көпшілікке жылы лебіздерін білдірді.
«Нұрлы жер» тұрғын үй бағ­дар­ламасы шеңберінде Астана қа­ла­сы әкімдігінің тапсырысы бойынша салынған тұрғын үй кешені Рақымжан Қошқарбаев көшесі 50, 50/1 мекенжайында орналасқан. Мұнда Хазірет Сұлтан мешіті, Ұлттық мұражай, Бейбітшілік және келісім сарайы сияқты елорданың бірегей нысандары қол созым жерде тұр. Сонымен қатар бұл үйден «Астана Нұрлы Жол» жаңа теміржол вокзалына да тікелей шығатын жол қарастырылыпты. Айта кету керек, тұрғын үйдің таза әрленген 1 шаршы метрі 180 мың теңгені құрайды. 28 мың шаршы метрден тұратын осынау көп қабатты тұрғын үйге 328 отбасы қоныстанды. Оның 164-і­ пәтер кезегінде тұрғандар болса, қалғаны – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Баспаналы болғандардың бірі Әсия Матаева тілшілер қауымымен өзінің қуанышымен бөлісті.
– 2010 жылы пәтер кезегіне 10 мыңыншы болып тіркелген болатынмын. Жалпы, 10 жылдан бері жалдамалы пәтерлерде тұрып келдік. Енді, міне, кезе­гіміз келіп, «Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йынша екі бөлмелі пәтерге қолымыз жетті. Өзім жалғызбасты анамын. Үш балам бар. Тұрғын үй департаментінен хабарласқанда сенер-сенбесімді білмедім. Қуаны­шымды сөзбен айтып жеткізу қиын, – дейді ол.
Салтанатты шарадан соң қала басшысы бастаған жұмысшы топ бірер пәтерге бас сұғып, қуаныш иелерін құттықтап шықты.

Леди Барбара Джадж, «АХҚО» қаржы қызметтерін бақылау комитеті директорлар кеңесінің төрайымы:

– Менің елге сапарым Астананың 20 жылдығы мен «Астана» қаржы орталығының ашылу салтанатымен тұспа-тұс келгеніне қуаныштымын. Жаңадан құрылған қаржы орталығын экономикалық ғажайыптың үлгісі деуге болады. Бүкіл әлем Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астананы құрып, оны халықаралық деңгейге көтеруге талпынып жатқанына куә. Орталық басшысы Қайрат Келімбетов мырза ел Президентінің көмегімен әлемдегі ең үздік қаржы орталықтарының бірінің іргесін қалап, оны әрі қарай дамытуға бар күшін салуда. Елордада ашылған «Астана» халықаралық қаржы қызметтерін бақылау комитетіне басшылық ету – мен үшін зор мәртебе. Себебі басқарудың жоғары стандарты, бюджет ашықтығын қамтамасыз ету және қаржы нарығын дұрыс реттей білу әлем инвесторларының қызығушылығын тудыратынын білемін. Болашақта дүние жүзінің түкпір-түкпірінен кәсіпкерлер Астанаға келіп, қаржы жұмыстарын осында шешуге ұмтылатынына сенемін. Бір жағынан бұл мемлекеттің географиялық орналасуына байланысты болып отыр. Қазақстан Қытай, Ресеймен көршілес, ал Кавказ елдері мен Шығыс Еуропаға жақын орналасқан. Демек, Астана әлем елдері тоғысқан, оларды байланыстыратын мекенге айнала алады. Біз мұнда жұмыс бабымен жиі келіп, келешекте инвестициялық жобаларды жүзеге асырмақпыз. Мен бұл қала одан әрі гүлдене беруіне тілектеспін.

Ааре Лопонен, эстониялық компанияның IT директоры:

– Астана – өте әдемі, ықшам, жайлы қала. Өзге астаналардан жаңашылдығымен ерекшеленеді. Қазіргі заманғы сәулет өнерінің барлық жетістіктерімен салынған. Зәулім үйлер, кең көшелер, әкімшілік ғимараттар, спорттық нысандар бәрі бір-бірімен үйлесіп тұр. Мысалы, Эстонияның астанасы Таллин қаласы 14-ші ғасырда бой көтерген. Ескі қала. Ал Астана – 21-ші ғасырдың қаласы. Оның әр көшесінен, әр ғимаратынан жастықтың, әсемдіктің лебі есіп тұр. Қаланың тұрғындары да аса мейірбан, қонақжай. Шынымды айтсам, Астана маған барлық жағынан ұнады. Өзімнің ұлымды да ертіп келгенмін. Жаңа қаланы көріп, ол да қатты қуанды. Астана халықаралық қаржы орталығының ашылуына орай, осы жерде жұмыс бастаймыз. Астананың тұрғыны атанамыз. Соған қуаныштымын!
Бір байқағаным, Астана тұрғындары мен қонақтарының өмір сүру деңгейін жақсарту үшін көптеген іс-шаралар қолға алынған. Әсіресе, инновациялық технологияларды қолдану көңілден шықты. Көшелердегі жарықтар, бейнекамералар жол қозғалысын реттеуде көп көмегін тигізеді. Азиядағы қаржылық хабқа айналатын қалаға алдағы уақытта көптеген адамдар ағылып келетіні сөзсіз.

Асан ЖҮНІСОВ, Қырғыз Республикасының «Эркин Тоо» газетінің жауапты хатшысы:

– Астанаға бұрын да келгенмін. Осы жолғы алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Бұл – әлемдегі ең жас және жылдам өркендеп келе жатқан қалалардың бірі. Қазақ бауырларым үшін аса қуаныштымын! Елдің экономикасының қуаттылығы бас шаһардың әсемдігінен анық байқалып тұр. Бір ғана «Бәйтеректің» өзі ұзақ есте қаларлық әсер сыйлайды. ЭКСПО-
қалашықты көргенде де қатты таң қалдым. Мұндай қалашық, ғимараттар Бішкекте де салынса деп армандадым. Астананың келбеті әлемдегі өркениетті елдердің бас қалаларынан ешбір кем емес. Заманауи инфрақұрылымы, көлік логистикасы ерекшеленіп тұр. Соңғы жылдары осы жерде әлемдік деңгейдегі саяси, экономикалық, мәдени және спорттық іс-шаралардың өткізілуі Астананың көшбасшылығын дәлелдеді. Екі-үш күнде өзім қатысқан әртүрлі басқосуларда Астананың жаһандық қалаға айналғанының куәсі болдым.

Фарит ГАЛИМОВ, Астана қаласының құрметті азаматы:

– Облыс орталығы Көк­шетауға ауысып, Ақмо­ланың жаңа астана бо­латынына ешкімнің кү­дігі қалмады. Енді елордасының іргетасын қалау міндеті тұрды. Бұл кезде қала әкімі Әділбек Жақсыбеков болса, оның бірінші орынбасары болып мен тағайындалдым. Арнайы конкурс жарияланып, оның шешімімен сәулетші Серік Рүстембековтің жобасы мақұлданып, жаңа қала сол жағалауда бас көтеретін болды. Келер жылдары белгілі жапон сәулетшісі Кисё Курокава өз ұсынысымен келіп, Серік Рүстембековтің жобасын негізге ала отырып, қаланың бас жоспарына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Айта кету керек, алғашқы жоба кеңестік тұрғыда қалыптасқан қала салу жобасын еске түсіретін еді. Жапон сәулетшісі оны халықаралық заманауи қалалардың деңгейіне жеткізіп, біраз өзгерістер енгізді. Көпірлер, қала орталығы, көлік жолдары жаңаша белгіленді.
Дегенмен Курокава жобасы да мәңгілік емес. Жалпы, кез келген жоба әрі кеткенде 10-15 жылды қамтиды. Кеңес кезінде бұл 30 жылға бекітілетін. Алайда оны қайта қарау – заңды нәрсе. Осы жылдар ішінде қала өзгеріп, жоба да қайта өңделеді. Ол да тірі организм сияқты. Бастапқы жоба бойынша 800 мың тұрғыны болатын қала деп ойластырды. 2030 жылдары осыншама қала тұрғындары болады деп жобаланды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды