«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

№24 бағдар неге өзгерді?

0 37

Астана қаласы мәслихатының хатшысы Жанат Нұрпейісовтің жеке қабылдауында болған қала тұрғыны, зейнеткер Сағат Жұмағұлов №24 автобустың бұрынғы бағдарын қайтаруды өтінді. Хатшы осы мәселеге орай Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мен «Астана LRT» ЖШС өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Өтінім берген қария А.Иманов көшесінде тұрады екен. Оның айтуынша, бұрын №24 автобус сол көшедегі аялдамадан «Орбита» аялдамасына дейін барып, сол жерде тоқтап, әрі қарай кететін болған. Бағдарын өзгерткеннен кейін «Орбита» аялдамасы жүру схемасынан алынды. «Қазір
А.Иманов көшесінен «Орбитаға» жету үшін автобусқа ауысып отыруға тура келеді. Бірде-бір тікелей апаратын автобус жоқ. Сәйкес басқармаға да, «Астана LRT» компаниясына да хат жаздым. Еш нәтиже болмады» деп жазған өтініш беруші.
Ал бұған жауапты мекемелер 2015 жылы бағдарлар желісін жаңғырту аясында кейбір бағдарлар бөлініп, кейбірі оңтайландыру мақсатында «түзетілгені» жайлы уәж айтты.
«Егер кез келген бағдар жүру жолында қиыс кете берсе, оның діттеген жеріне жету уақыты да ұзарады. №24 бағдардың уақытын қысқарту үшін аталған қадамға бардық. Төлем картасымен жүрген адам бір сағаттың ішінде автобусқа ауысып отырғанда тегін жүре алады. Мысал үшін айтқанда, жолаушыларды «А» нүктесінен «В» нүктесіне бір автобуспен жеткізу қиын мәселе. Бірақ біз бұл мәселеде әлеуметтік маңызы бар нысандарды – мектептер мен ауруханаларды есепке аламыз. Бұл нысандарға жолаушылар қиналмай жету үшін бағдарды құрамыз. Ал «Орбита» жақта сондай әлеуметтік нысандар жоқ. Аялдама жанында сауда үйі орналасқан. Сондықтан №24 бағдарды өзгерту қиын. Қоғамдық көлік көпшілікке арналғанын білесіздер» деді «Астана LRT» ЖШС диспетчерлеу орталығының жетекшісі Бауыржан Сейітов.
Оның айтуынша, №24 бағдар «Өндіріс» тұрғын алабы халқына қызмет көрсететіндіктен әлеуметтік маңызды болып саналады. Сондай бағдарлар қалада екеу ғана – 24 пен 104. Бұл бағдарларды күшейту үшін «Ивеко» ав­тобустары алынып, интервал қыс­қартылды. Бағдар жолға қо­йылды. Бұрын №24 бағдарда 12 автобус қызмет көрсетсе, қазір 18-ге дейін көбейді.
Алайда Жанат Нұрпейісов қарияға көмектесіп, бағдардың бұрынғы схемасын қайтаруды қарастыруды ұсынды.
«Бұл жерде әңгіме бағдардың схемасын қайтару туралы болып отыр. Бұл схемаға халық үйренді. А.Иманов көшесінде зейнеткерлер көп тұрады. Оларға автобусқа ауысып отыру қиын. Оның үстіне қажет бағдарға ауысып міну үшін қарттарға жолды кесіп өту керек. Әрине, бұл жасы келген адамдарға қолайсыздықтарды тудырады» деді мәслихат хатшысы.
С.Жұмағұлов болса, егер бағдар схемасын қайтару мүмкін болмаса, Қажымұқан көшесі аумағында қосымша аялдаманы орнатуды ұсынды. Бұл жағдай аялдамалардың арасын қысқартады.
Көлік және жол-көлік инфра­құрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әлихан Қуатбеков бұл мәселені қарастыруға уәде берді.
«Біз бағдарларды құрастыр­ғанда олардың жолаушыларға ыңғайлы болуын ойлаймыз. Егер халық наразылық танытып жатса, онда схемаларды қайта қараймыз. Жасыратын ештеңе жоқ, кейбір автобус парктерінде шешілмеген мәселелер бар. Қазір бұл мәселелер бірте-бірте шешіліп келе жатыр. Бірнеше автопарк оңтайландырылды. Дұрыс жұмыс істемеген автопарк жойылды. Алда да сапаға мән бермеген осындай автопарктермен жұмыс­ты тоқтататын боламыз. Қазір үш автобусы ғана қалған №8 автобус паркінің бағдарлары басқа автопарктерге берілді. Бүгіндері №2 автопаркпен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. №9 автопарк автобустарының жолға шығуы 100 пайызға жетті. №24 бағдар мәселесін де бірер аптаның ішінде шешеміз» деді Ә.Қуатбеков. Жанат Нұрпейісов өз тарапынан ведомство басшылығына бұл мәселеге мұқият қарауды, шама келгенше көмек беруді сұрады.
Өткен жылдың аяғында қалалалық мәслихат депутаттары автобус парктерінің жұмысымен танысқанын айта кетейік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды