Вторник, 25 Июль 2017
-->

22 МЫҢҒА ЖУЫҚ БАЛА БІРІНШІ СЫНЫПҚА БАРАДЫ

Былтыр Астанадағы оқу­шы­лар саны 16 мың балаға артқан еді. Мектепке дейінгі балалардың саны туу мен көші-қон көрсеткішінің жо­ға­ры деңгейіне байланысты артып отыр. Биылғы оқу жылында бір ғана 1-сыныпқа 22 мыңға жуық оқушы қабыл­данады деп күтілуде.

Айта кетейік, биыл еліміздің мектеп­терінде нөлдік сыныптар пайда болады. Ол сыныпқа қабылданған балалар алфавитті «Әліппе» бойынша оқиды. Жақында ғана Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мұның бірінші сыныпқа келетін балалардың дайындық деңгейі арасындағы үйлесімсіздікті жоюға мүмкіндік беретінін айтты. «Бүгінгі таңда бірінші сынып оқушыларының 80 пайызы жүгіртіп оқи алса, ал 20 пайызы әріп те танымайды.

Сол себепті сынып түгел барлық бағдарламаны басынан бастап өтуге мәжбүр» деген еді. Расында да, осыған дейінгі жүйе бойынша дайындық тобына барған бала, бармаған бала болып бөлініп, ара жігі ажырап қалған балаларды бір деңгейде оқыту жағы да ыңғайсыздық тудырған еді. Енді осы жүйе сақталатын болса, ата-аналар үшін де, мұғалімдер үшін де бұл оң шешім болар еді. Нөлдік сыныпты бұрынғыдай мек­тепте де, балабақшада да өтуге болады.

Балабақшалармен бірге қаламыз бойынша 49 шағын орталықтар жұмыс жасайды. Оның 46-сы – мемлекеттік, ал 3-еуі – жекеменшік. Жұмыс уақыты жарты күн. Онда мектепке баратын балаларды төрт жастан бастап тегін түрде дайындайды. Орталыққа жолдама алу үшін бала Астана қаласы бойынша балабақша кезегінде ресми түрде тұруы керек. Бұдан бөлек, әр мектептің жанынан «Балдырғандар мектебі» ашылған. 13 маусым-13 тамыз аралығында баланы мектепке баруға бейімдейтін даярлық сыныптары әр сабағы 25-30 минуттан үш сағат оқытады.

Қаладағы тұрғындардың, оның ішін­де балалардың көбеюіне байланыс­ты оқушылар мен мектеп жасына дейін­гі балаларды білім ордасымен, балабақшамен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіндегі ең негізгі мәселеге айналып отыр.

Гүлжан РАХМАН

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*