-->

2020 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ – 1 МЛН ШЕТЕЛДІК ТУРИСТ

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі отандық туризмнің тартымдылығын арттыруға үлкен сеп болды. Бұл туралы Астана қаласы Инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров баспасөз мәжілісінде мәлімдеді.

– «ЭКСПО» көрмесін өткізуіміздің арқасында қызмет көрсету саласы мен қаладағы инфрақұрылым жаңа деңгейге көтеріліп, туристік сектор жандана түсті. Ресми деректерге сәйкес, 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін елордаға 1,5 млн адам келген. Оның 600 мыңға жуығы халықаралық қатынас ретінде тіркелген. Содан болар, қонақүйлерге келушілердің саны үш есеге артқан. Ал қонақүй мен қоғамдық тамақтану орындарынан түскен салық мөлшері биылғы жылдың тамыз айында 170 миллион теңгеден асқан, – деді Ә.Әбдіқадыров.
Оның айтуынша, былтырғы жылмен салыстырғанда тур­операторлардың қызметіне сұраныс 78 пайызға артқан. Ал Astana City Pass турист картасын 30 мыңға жуық адам қолданған. Көрме кезінде Австрия, Малайзия, Сингапур, Ресей, Түркия, Қытай, Испания, Польша сияқты 13 елден келген 12 мың адам аудиогидты пайдаланды.
– Енді осы көрсеткіштерді сақтап қалу үшін біз жаңа стратегия ойластырдық. Басты мақсат – 2020 жылға қарай елордаға келетін шетелдік туристердің санын 1 миллионға дейін жеткізу. Ол үшін халықаралық мамандардың көмегімен үш бағытты айқындап алдық. Бірінші бағыт – конг­рес­тік-іскерлік туризм. Елорданың инфрақұрылымы ауқымды жиындар мен халықаралық дәрежедегі көрмелерді өткізу үшін қолайлы. Екіншісі – қаладағы рекреациялық туризм. Яғни, халық көп шоғырланатын тартымды жерлерді көбейту керек. Соңғысы – медициналық туризмді дамыту. Біздің мамандардың кәсібилігі шетелдік ем алушыларды тартуы мүмкін, – деп сөзін қорытындылады басқарма басшысы.

Гүлдана Талғатқызы

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*