«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

2020 жылдан бастап зейнетақы жарнасы көтеріледі

0 140

Жақында еліміздегі зейнетақы аударымдарының жаңа ережелері жасалды. Жаңа шешімге сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің есебінен қызметкердің пайдасына 5 пайыз мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі.

Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, жұмысшылардың еңбек өтіліне сәйкес келетін лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету мақсатында жасалған бұл шешім бойынша қызметкердің жеке зейнетақы шотына ай сайын жалақының 15 пайызы аударылып отырады. Оның 10 пайызы қызметкердің міндетті зейнетақы жарнасы болса, 5 пайы­зы жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен төлеген зейнетақы жарнасы болып табылады. Мысал үшін еңбек өтілі 33 жыл, еңбекақысы 172 мың теңге (бүгінде орташа жалақы) қызметкерді алайық. 33 жыл ішінде инвестициялық табыс­ты есепке ала отырып, қызметкердің жалақысынан 10 пайыздық зейнетақы жинақтары шамамен 12,7 млн теңгені құрайды. Бұл орайда, жалақының өсуі ескерілмейді. Еңбек демалысына шыққан кезде қызметкердің зейнетақысы 140 мың теңгені құрайды, оның ішінде жинақтау – 110 мың теңге, базалық – 30 мың теңге. Алайда мұндай жағдайда жұмыс берушінің жарнасын енгізу есебінен (ЖМЗЖ) қызметкердің зейнетақысы 50 мың теңгеге ұлғайып, 190 мың теңгені құрайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша бұл жаңалық барлық жұмыс істейтін азаматтарға, оның ішінде жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдарға қолданылады екен. Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасы азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар негізінде жұмыс және қызмет көрсететін адамдарға; зейнет­керлік жастағы жеке тұлғаларға; әскери қызметшілер мен күштік құрылымдардың қызметкерлеріне; еңбек сіңірген жылдары үшін зейнет­ақы төлемдерін алушыларға; өмір бойы ай сайынғы төлеммен қамтылатын отставкадағы судьяларға қолданылмайды. Жұмыс берушілерден келіп түскен зейнетақы жарналары жеке тұлғалардың меншігі болып саналмайды және мұраға қалдырылмайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 2,2 миллион зейнеткер бар. Ал 2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша зейнетақының орташа мөлшері – 85697 теңге, оның ішінде базалық зейнетақы – 26978 теңге, ортақ зейнетақы – 58719 теңге.
Қазақстанда ерлердің зейнеткерлік жасы 63 болса, әйелдердің биылғы зейнет жасы – 58 жас 6 ай. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңының 11-бабы бойынша әйелдердің зейнет жасы 2027 жылға де­йін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріліп отырады. Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деңгейден тұратын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.
Қазақстанда зейнетақының аздығы – бұрыннан айтылып келе жатқан мәселенің бірі. Құзырлы орындардың айтуынша, жаңа шешім аталған мәселені шешуге де көмектеседі. Алайда бұл жұмыс беруші орындардың шығымды азайту үшін қызметкерлерін қысқартуына апарып соқпас па деген күдік те жоқ емес.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды