«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

2019: Еленіп-ескерілер есімдер

0 83

Тарихты тұлғалар жасайды. Арғы-бергі замандарда халықтың ерекше ықыласына бөленген, өмірі мен қызметі жұртты қызықтыратын, түрлі саланың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар қазақ тарихында аз емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көпшіліктің санасында тарихи үдерістер тұлғаландыру сипатына ие екенін де атап көрсетті. Газетіміздің жылашар санында келген жылда есімдері еленіп-ескерілуі тиіс тұлғаларға тоқталу дәстүріміз бар. Сол дәстүрді жалғастырып, биылғы мерейтойларға шолу жасамақпыз.

Осы жылы Ертіс-Баян өңірінде кен көздерін ашқан Қосым Пішенбаевтың туғанына 175 жыл толады. Қазақ әндерін жинақтаған өнер зерттеуші, этнограф Александр Затаевич­тің, ағартушы, ұстаз Нұрғали Құлжановтың (кейбір деректерде 1870 жылы туған) 150 жылдығы.
«Алатауға ексе де, екі тумайтын» халық ақыны, композитор Кенен Әзірбаевтың – 135, қара сөздің зергері Жүсіпбек Аймауытовтың, мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, дәрігер Санжар Аспандияровтың 130 жылдықтары – биылдың еншісінде.

Халқымыздың үш арысы – Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің, Алаш қайраткерлері Сұлтанбек Қожановтың, Телжан Шонанұлының, Хайретдин Болғанбаевтың, Асылбек Сейітовтің, мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың, әйгілі жырау Сүгір Бегендікұлының, ағартушы ақын Сәбит Дөнентаевтың туғанына 125 жыл толады.

Қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың, тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры Құдайберген Жұбановтың, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Елубай Өмірзақовтың, 24 жасында қыршынынан қиылған ақын Бернияз Күлеевтің, мемлекет қайраткері Ораз Исаевтың 120 жылдықтары биыл келеді.

Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеев, ұлттық архео­логия мектебінің атасы Әлкей Марғұлан, белгілі әдебиеттанушы, педагог Бейсенбай Кенжебаев, әйгілі әнші, ұстаз Жүсіпбек Елебеков, мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов, ерте солған ақын Шолпан Иманбае­ва, сахна саң­лағы Қапан Бадыров осыдан 115 жыл бұрын дүниеге келген.
Қобызшы Жаппас Қаламбаев­тың, ғалым-эпидемиолог Ишанбай Қарақұловтың, даңқты мұнайшы Сафи Өтебаевтың, академик Сақтаған Бәйішевтің, асқақ әнші, ұстаз Ғарифолла Құрманғалиевтің, көрнекті ақын Әбділда Тәжібаевтың туғанына – 110 жыл.

Жәмила Шашкина, Сәбира Майқанова, Рабиға Есімжанова, Саттар Ерубаев, Шәкен Айманов, Құлахмет Қожықов, Әнуарбек Үмбетбаев сынды театр, музыка, әдебиет, кино, бейнелеу өнері қайраткерлерінің 105 жылдығы келген жылдың үлесінде.
Әйгілі театр және кино актрисасы Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы биыл ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіледі. Онымен қатар Нүркен Әбдіров, Біліс Нұрпейісов, «Қазақ солдаты» романының прототипі Қайыр­ғали Смағұлов, Қазбек Нұржанов сынды бір топ Кеңес Одағы батырларының, опера өнерінің жарық жұлдызы Шабал Бейсекованың, қаламгер, аудармашы Хамза Абдуллиннің, медицина ғылымдарының докторы Бахия Атшабаровтың, күйші, композитор Темірбек Ахметовтің ғасырлық мерейтойы.

Тәуелсіз Қазақстанның тұң­ғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың, шоқ тілді сатирик Шона Смаханұлының, Бердібек Соқ­пақбаев, Берқайыр Аманшин, Бүркіт Ысқақов, Зейнел-
Ғаби Иманбаев, Морис Симашко, Мүбәрак Жаманбалинов сынды көрнекті қаламгерлердің, аса көрнекті композитор Сыдық Мұхамеджановтың, суретші Үкі Әжиевтің, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 95 жылдығы биыл келеді. Ортамызда жүрген академик Әбдуәли Қайдар мен көзі тірі қазақ әдебиетінің алыбы Әбдіжәміл Нұрпейісов бұ­йыртса, бұл мерейлі жасты атап өтеді.

Белгілі ақын Ізтай Мәмбетов­тің, жазушы-публицист Кәкімжан Қазыбаевтың, мұрағаттанушы Зияда Ижановтың, кино мен бейнелеу өнерлерінде айшықты із қалдырған Гүлфайрус Исмаилованың, Халық қаһарманы Найля Абдулкаримованің, әйгілі театр және кино әртісі Қасым Жәкібаевтың, әдебиет сыншысы Баламер Сахариевтің, жазушы, журналист Балғабек Қыдырбекұлының, айтыс ақыны Көпбай Омаровтың, әнші Суат Әбусейітовтің, ақын Өкім Жай­лауовтың, ғалым, ұстаз Құбығұл Жарықбаевтың, филология ғылымдарының докторы Әнуар Дербісалиннің 90 жылдығы – осы жылдың еншісінде. Халқымыздың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова мен әдебиет­танушы ғалым Шериаздан Елеукенов осы жасқа толады.
Сәкен Жүнісов, Сағи Жиен­баев, Герольд Бельгер, Қалаубек Тұрсынқұлов, Тобық Жармағамбетов, Мақсұт Неталиев, Сарбас Ақтаев, Оспанхан Әубәкіров, Бекежан Тілегенов сынды көрнекті қаламгерлердің, Әзидолла Есқалиев, Әбдімомын Желдібаев сияқты күйшілердің, филолог ғалым Қабиболла Сыдиықұлының, қоғам қайраткері Ғайникен Бибатырованың 85 жылдығы – осы жылдың еншісінде.

Аса көрнекті қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова, көрнекті жазушы Қалдарбек Найманбаев, театр режиссері Жақып Омаров, композитор Мансұр Сағатов, КСРО спорт шебері, ҚазКСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғапов, белгілі жазушы, публицист Сабыржан Шүкірұлы, сатирик Сейіт Кенжеахметұлы, жазушы Қоғабай Сәрсекеев, ақын, ғалым Өтеген Күмісбаев, ақындар Свет Оразаев, Әбен Дәуренбеков сексенге толушы еді.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді, Амангелді Айталы, театр және кино актрисалары Раиса Мұхамедиярова, Рымкеш Омарханова, жазушы, тарихшы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қойшығара Салғараұлы, композитор Мұратхан Егінбаев, әнші Лаки Кесоглу, жазушы Кәмел Жүністегі, ақын, әнші, композитор Иран Тасқара сексен­нің сеңгіріне шығады.
Өмірден ерте өт­кен жазушы Жақсы­лық Түменбай, көзі тірі қаламгерлер Ақұштап Бақтыгереева, Жәркен Бөдешұлы, Ғұсман Жандыбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімовтің 75 жылдығы биылға түсіп тұр. Марқұм композиторлар Жақсыгелді Сейілов, Бексұлтан Байкенжеев, режиссер Жанат Хаджиев, ақындар Ибрагим Исаев, Ханбибі Есенқарақызы, Абзал Бөкен, жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт, қоғам қайраткері Хасен Қожа-Ахмет, әнші Қапаш Құлышева сынды бір топ тұлғалардың 70 жылдығы осы жылы келеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды