«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

2016: ОЙДА ЖҮРЕР ОҚИҒАЛАР

0 96

b61c0e0e4c93883c2c30cebb71c8af4a

Артта қалған қой жылы тарихымыз тереңнен тамыр тартатынын дәлелдеп, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Ал, табалдырығымыздан аттаған мешін жылы егемен ел атанғанымызға ширек ғасыр толады. Келген жылдың ең айшықты оқиғасы да тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы болмақ.

Қазақ даласында патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің бұрқ ете қалғанына биыл 100 жыл толмақ. Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы да осы жылдың еншісінде. Аталмыш мысалдар  тәуелсіздікке оңай жолмен жетпегенімізді айғақтайды. Кеңестік замандағы әнұранымызда айтылғандай, «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» елміз.  Ендеше, мешін жылында атап өтетін ең ұлы мерекеміз – Тәуелсіздік мерейтойы.

ҚАЙЫМНЫҢ ҚҰРДАСТАРЫ – ЖҮЗ ЖАСТА

Айтпақшы, биылғы мерейтойлар легін осы әнұран мәтіні авторларының бірі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әдебиеттанушы ғалым, педагог, абайтанудың бастауында тұрған тұлға Қайым Мұхамедханұлының ғасырлық мерейтойы ашып отыр. Ақпан айында Қазақстан Республикасының халық әртісі, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдығы. Наурызда ән өнеріне мол олжа салған ағайынды Мүсілім және Ришат Абдуллиндердің де туғанына ғасыр толады. Дина Нұрпейісова, ұлы Абай, Талғат Бигелдинов, Мұқан Төлебаев сынды тұлғаларымыздың өмірін деректі кино арқылы айшықтаған кинорежиссер Ораз Әбішев, құлашы кең эпик ақын Хамит Ерғалиев, театр және кино өнерінде аты бар Рахия Қойшыбаева, тірі шежіре, әйгілі актриса Хабиба Елебекова да жоғарыда аттары аталған тұлғалардың құрдастары. Жүз жылдық мерейтойлар тізбегін майданнан «Шығыс ұлына хат» жолдаған Ұлытаудың ұланы Баубек Бұлқышев пен оның жерлесі, жазушы, тектінің тұяғы Мұқан Иманжанов түйіндейді.

ӘЛИХАН ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛАДЫ

Мұқан Иманжановтың әкесі Иманжан Жылқайдаров халқымыздың айтыс өнерінде өрнекті із қалдырды. Академик Әлкей Марғұлан басқарған тарихи этнографиялық экспедицияларға қатысып, халық ауыз әдебиеті нұсқаларын жинаған Иманжан ақынның туғанына биыл 130 жыл толады. Жетісу өңірінің жүйрігі, Кенен, Үмбетәлі, Қуат, Есдәулет сынды замандастарымен қатар Иманжанмен де сөз қағыстырған Қалқа Жапсарбаев та осы жасқа келер еді.

Осы жылы халық композиторы, әнші-ақын, артына «Айнамкөз», «Зәуреш», «Дүние-ай», «Алуаш» сынды теңдессіз туындыларды қалдырған Мұхит Мерәліұлының, халық ақыны, жыршы Қашаған Күржіманұлының, сонау ХІХ ғасырда қазақ баласын оқуға шақырып, соған жағдай жасаған ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл.

Ақпанда жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығы келеді. Көктемнің алғашқы айын «Алаш» партиясының көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығымен қатар қарсы аламыз. Мерейтой ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіліп, Әлихан әлемге танылады.

АБДОЛЛАДАН АЙТБАЙҒА ДЕЙІН

Ақмола тарихында өзіндік орын алған жазушы, публицист, ХХ ғасыр басында бірқатар жауапты қызметтерді атқарған Абдолла Асылбековтің, сахна саңлағы Серке Қожамқұловтың, шопан ата төлін өргізіп, абыройға кенелген Жазылбек Қуанышбаевтың 120 жылдық мерейтойлары да мешін жылына сәйкес келіп отыр.

Қазақ музыка өнерін бір жүйеге келтірген зерделі зерттеуші, әйгілі композитор, Құрманғазы оркестрі сынды бірқатар өнер ұжымдарының құрылуына ұйтқы болған академик Ахмет Жұбановтың, ауыл шаруашылығы саласының майталманы Кәрім Мыңбаевтың, Қазақстанда геомеханика ғылымының негізін қалаушы ғалым, Әбунасыр әл-Фараби сынды ұлы тұлғаның қазақ екенін дәлелдеген Ақжан Машановтың, Шахмет Құсайынов, Ғалым Ахмедов, Сәду Машақов, Сәйділ Талжанов, Мәриям Хакімжанова, Айтбай Хангелдин сынды қабырғалы қаламгерлердің 110 жылдығы да осы жылдың еншісінде.

БАҒЫБЕК, БӘКІР ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Өнертанушы, театр өнерінің білгірі, осы салаға қатысы бар құнды еңбектердің авторы Бағыбек Құндақбайұлының, опера дүлдүлі Ермек Серкебаевтың, қазақ киносын Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов сынды замандастарымен бірге биікке көтерген Абдолла Қарсақбаевтың, композитор Мәкәлім Қойшыбаевтың, журналистердің талай буынын тәрбиелеп шығарған профессор, сатира сардары Темірбек Қожакеевтің, өзінің бойына актерлік, ақындық және композиторлық өнерді жинақтаған Бәкір Тәжібаевтің, дәстүрлі ән дарабозы Дәнеш Рақышевтің 90 жылдық мерейтойлары да биылға түсіп тұр.

СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНЕ КІМДЕР КӨТЕРІЛЕДІ?

Бекен Әбдіразақов, Сайын Мұратбеков, Маршал Әбдіхалықов, Нүкеш Бәдіғұлов, Есләм Зікібаев, Мұхамеджан Етекбаев, Нұрқасым Қазыбеков, Өмірзақ Қожамұратов, Сапарғали Ләмбекұлы, Жанайдар Мусин, Жанғали Нәбиуллин, Мағзом Сүндетов, Төлепберген Тобағабыл, Бек Тоғысбайұлы сынды ақын-жазушылар, композитор Базарбай Жұманиязов, атақты актриса Фарида Шәріпова осы жылғы 80 жылдық мерейтойларына жете алмады. Бұған керісінше, Кеңес заманында-ақ ұлттық рухымыздың биіктігін дәлелдеген Олжас Сүлейменов, сол замандағы қазақ көшінің тарихын тасқа таңбалап, бертін келе қаламымен Қабанбай батыр бейнесін тірілткен Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, жыр аққуы Марфуға Айтқожина, белгілі балалар ақыны Қастек Баянбаев, көрнекті жазушы Шәрбану Құмарова, Қаныш Сәтбаев пен Ебіней Бөкетов және Ермұхан Бекмаханов сияқты ғалымдардың ғұмырнамасын жазған Медеу Сәрсеке бұйыртса, сексеннің сеңгіріне көтеріледі. Олардың құрдастары – қазақ және қырғыз даласын әндерімен тербетіп жүрген композитор, өнер зерттеушісі, кейінгі жылдары суретшілігін де жалпақ жұртқа танытқан Ілия Жақанов, атақты балалар хирургы, медицина майталманы Камал Ормантаев, тілші ғалым, академик Өмірзақ Айтбайұлы, жезтаңдай әнші Гүлвира Рәзиева ортамызда болып, мерейленер.

ЖЕТПІСТІҢ ЖОТАСЫНА ЖЕТКЕНДЕР МЕН ЖЕТПЕГЕНДЕР

Бұл жалғаннан ерте кеткен көрнекті ақын Кеңшілік Мырзабековтің, ақындық пен ән өнеріне қатар олжа салған Тынышбай Рақымның, әдебиет сыншысы Сайлаубек Жұмабектің, төкпе күйдің шебері Қаршыға Ахмедияровтың, темірден түйін түйген қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлының 70 жылдық мерейтойлары да биыл ескерілуі тиіс.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров пен оған «Ғарыш – Қазақ» поэмасын арнаған ақын Серік Тұрғынбекұлы, Парламент мінберінен елдің үнін естіртіп жүрген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл да осы жасқа толғандарын бас қаламызда дүркірете тойлай жатар. Жүрек қылын шертетін жырларымен өлең сүйер қауымды баураған Күләш Ахметова, атағынан ат үркетін ақын Шөмішбай Сариев, жазушы- драматургтер Роллан Сейсенбаев пен Сұлтанәлі Балғабаев, былтыр «Аманат» фильмімен қазақ кино өнерін байытқан Сатыбалды Нарымбетов те осы жылы жетпіс жастың жотасына шығады.

Руханият әлемінде есімдері әйгіленген Рақымжан Отарбаев, Ертай Ашықбаев сынды бірқатар талантты тұлғалардың алпыс жылдық мерейтойлары да – мешін жылының үлесінде. Осы жылы ердің жасына толатын дарындар да бар. Олардың бәрін тізбей, жетпіске жетпей жығылған ақын, композитор, «Көк тудың желбірегені» атты қазақ баласының рухын көтеретін әннің авторы Ермұрат Зейіпханның есімін атап өткіміз келеді.

СПОРТШЫЛАРЫМЫЗҒА СЕНІМ АРТАМЫЗ

Биылғы маусым-шілде айларында Францияда өтетін футболдан Еуропа чемпионаты мен тамыз айының басында Бразилияның Рио-де- Жанейро қаласында алауы тұтанатын ХХХІ жазғы Олимпия ойындары спорт сүйер қауымды біраз қызыққа кенелтеді. Жазғы Олимпия ойындарына тәуелсіз Қазақстанның спортшылары алтыншы мәрте қатыспақ. Әр қатысқан сайын қоржынымыз бос қайтқан емес. Осы жылы да жүлдесіз қалмаймыз деп сенеміз. Әсіресе, зілтеміршілер мен боксшыларымызға зор үміт артып отырмыз. Олардың жеңістері тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тамаша тарту болады деп ойлаймыз.

Егемендігіміздің тұғыры бұрынғы астанамыз Алматы қаласында қаланды. Айтпақшы, Алмалы шаһарды да биыл үлкен мерейтой күтіп тұр. Осы жылы тойланатын қаланың 1000 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның маңызды даталар тізіміне енгізілді. Бұл жайт та тәуелсіз Қазақстанды әлем мойындағанының көрсеткішіндей. Биылғы ширек ғасырлық мерейтойлық жылда мемлекетіміз үшін мерейленетін сәттеріміз көп болғай!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды