-->

17 МЫҢНАН АСА ОТА ЖАСАҒАН

Халқымыздың ұлт болып қалыптасуына жұдырықтай жұмылып еңбек етіп, ел үшін адал терін аямай, салауатты ұлт қалыптастыруға жанын салған азаматтарымыз аз емес. Сол азаматтардың бірі Астанадағы «Шипалы» емдеу орталығының бас дәрігері Қайрат Айдарханұлы деуге болады. Ол – ұлт саулығына өлшеусіз үлес қосып отырған жан.

Талайдың тағдыры қыл үстінде тұрғанда дертіне дауа тауып, ажалға арашашы болып келеді.
Білікті дәрігердің өмірбаянына көз жүгіртсек, 1960 жылы Қытай елінің Алтай аймағында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң Шыңжаң медицина университетінің жалпы медицина факультетіне оқуға түседі. Оны ойдағыдай бітіріп,
еңбек жолын қатардағы хирургтан бастайды.
1993-1996 жылдары Шыңжаң медициналық академиясының аспирантурасында білім алып, кандидаттық диссертациясын «Өт обырын зертханалық талдау» тақырыбы бойынша қорғаған. Елуден астам ғылыми мақаланың авторы.
Қайрат Айдарханұлы медицина саласындағы 39 жыл қыз­метінде 17 мыңнан аса адамға ота жасаған екен. Өт, өкпе, ұйқы безі және бауырға жасаған оталары озықтар қатарынан көрініп, Мемлекеттік сыйлыққа ие бол­ған. Оның есімі 1998 жылы Қытай елінің аз ұлттар өкілінің
әйгілі адамдар топтамасы кітабына алғашқы қазақтардың бірі болып енгізіледі.
Елімізге тәуелсіздіктің таңы атқалы ол атажұртқа қоныс аударуға бел байлайды. Жүрегінің түкпірінде өзі аңсаған қазақ жұрты, тәуелсіз елі, жазиралы кең-байтақ жері тұрды. Сөйтіп, Қазақ еліне 2005 жылы көшіп келіп, 2012 жылы Қазақстан Рес­публикасының азаматтығын алады. Сол жылы Астанадан «Отбасылық дәрігер» емдеу ісі бойынша мемлекеттік лицензия алып, «Шипалы» емдеу орталығын ашады. Бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірі мен көршілес мемлекеттерден келіп ем-дом алып, сауығып кеткен адамдар сан мыңдап артып келеді.
Өз басым Қайракеңмен 2016 жылы «Шипалы» емдеу орталығына денсаулығымды қаратуға барғаннан бері таныс болдым. Ол қазақ, тибет, қытай медицинасының озық тәсілдерін қолдана отырып, өзіме және жақындарыма тиісті ем-дом жасауының нәтижесінде, қазіргі таңда оң нәтижесін көріп, көңіліміз толып отыр.
Дәрігер Қайрат Айдарханұлы – ұлттық тарихымыздың насихатталуына және тарихи түп тамырымыздың қанат жаюына бірден-бір үлес қосып отырған ұлт жанашыры. Олай дейтін себебіміз, елімізде өткен жоңғар басқыншылығына қарсы шайқаста Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай батыр бастаған қазақ қолының алғы шебінде жүрген айбынды қазақ батырларының бірі болған Жәнібек Бердәулетұлы батырдың 300 жылдығына арналған халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен Зуқа батырдың 150 жылдығына арналған «Тәуелсіздік арманы және Зуқа батыр» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына демеушілік жасады әрі ұйымдас­тыру комитетінің мүшесі болды.
Жуырда ғана Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасы тарапынан Қазақстан халқы тілдерінің ХІХ қалалық фестивалі аясында қазақ руханиятының насихатталуы мен ұлт құндылықтарын ұлықтау жолындағы Қайрат Айдарханұлының игі істері ескеріліп, «Рухани жаңғыру – отбасынан басталады» атты шараға белсенділік танытқаны үшін отбасысы алғыс хатпен марапатталды.
Қайрат Айдарханұлы – дәрігерлік қырымен ғана емес, тұлғалық болмысынан адамгершілік, имандылық, адалдық, парасаттылық тәрізді қасиеттердің табы жан дүниесінен, жүрегінен айқын білініп тұратын ізгі жан. Оның елім деп соққан жүрегінен шыққан ұлтының қадір-қасиетін жоғары қоюға деген ұмтылысы, дәрігерлік кәсібіне деген таза сүйіспеншілігі, дені сау ұрпақ қалыптастыруға деген жоғары талпынысы үлгі тұтарлық. Жүздеріне бақыттың табын салып, құлан-таза айығып, өмірге деген құлшынысын одан әрі арттырған талай жандардың да дәрігер туралы ойы осындай екеніне сенімдімін.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
профессор

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*