«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

САЙМАНЫ САЙЛЫ САНТЕХНИК

0 155

ERA_3798

Бұл қарапайым мамандық иелеріне қала тұрғындарының күні көп қарайтыны аян. Сондықтан, жеке пәтер иелері кооперативтерінің қай-қайсынан да сантехник қызметі табылады. Бұл маман иелерінің жұмысы жаңа үйлерге қарағанда, жатақханаларда қауырт, түн ұйқылары тыныш емес. Әсіресе, қазіргідей сақылдаған сары аязда, қыс мезгілінде. Бұған пригородный тұрғын алабындағы «виктория» жеке пәтер иелері кооперативінің сантехнигі Ескендір Сейітжановпен өткізген бір күнімізде көз жеткіздік.

 

 

 

Жеті түнде жедел жетуге тура келеді

Қала шетіндегі ескі, сырт келбеттері Брежнев заманынан сыр тартатын қос жатақханаға қызмет ететін Ескендір Сартанұлының жұмыс уақыты кез келген уақытта басталып кетуі мүмкін. Жыртық-жамауы көп жатақхана бөлмелерінің жеті түнде құбыры жарылып кетуі, тауық шақыра бастағанда жылуы тоқтап қалуы әбден кәдік. Ал, мұндағы бөлме иелерінің басым көпшілігі Ақмоланың байырғы тұрғындары, яғни, егде кісілер. Проблеманың басы көріне бастағаннан телефон тұтқасына жармасып, «Ескендір, тез жетке» басады. Қысқы кепкісін басына қисайта іліп, құрал-сайманын құшақтаған күйі бұл жүгіреді. Содан қауырт жұмыс бастала береді…

«Алдымен бейуақта мазаны қашырған мәселенің төркінін тауып аламын. Іле-шала соған қажетті жабдықтар мен саймандарымды түгендеймін… Бірақ екі жатақхананың да «ауруы» маған жақсы таныс. Кейде қай тұсынан су атқақтап, қай құбыр жарылатынын алдын ала біліп қоятыным да бар. Ондайда алдын алуға тырысып бағамын» дейді тұрғындарға Есен атанып кеткен кейіпкеріміз. Оның сөзіне қарап, сантехниктердің де қызметі медициналық жедел жәрдеммен пара-пар екен-ау деген ой қармағаны рас.

 

Егде әйелді ентіктірген тесік

…Таң бозарып ата бастағанда басталған әңгімемізді есіктен ентелей енген шикісары егде әйел бұзды. Айтысына қарағанда, үйінің жылу келетін құбыры жарылып кеткен сияқты. Қазіргідей қақаған қыста жоғары шамада келетін жылу қырық жыл бұрынғы шойынды морт сындырған-ау әсілі…

Күдігіміз алдамапты, он сегіз шаршы метр қуықтай бөлменің төріндегі жылу таратқыш құбырдың екінші бағанының түбі тесік шелектей су сарылдатып тұр. Еденнің жартысына жуығын «көл» қылыпты. «Ертерек жертөледен жылуды тоқтатпасақ, жайылған су астыңғы қабаттағы бөлмеге өтіп, дауды өршітіп жібереді» деген Ескендір жалма-жан жүгіре түсіп барады…

Ал мынау тесікті қалай бекіту керек? Сантехник дәнекерлеу ап­па­ра­тының көмегіне жүгінді. Жоғары вольтты электр қуатымен іске қосы­латын бұл аппаратпен жұмыс барысында ең алдымен ептілік қажет екен. Әйтпесе, ебедейсіздігің не күйікке шалдырады, не мүлде мүгедек етуі ғажап емес. Бетін аулақ қылсын, Есекең ісінің маманы екен. Көзілдірікті шлемін басына іліп, сарышаянның аяқтарындай қос темірдің бірін құбырға қыстырды, біріне арнайы шегесін ілді. Содан кейін әлгі әйелді бесінші қабаттан жертөлеге ентіктірген тесікке бірнеше мәрте сүйкей салып еді… Бағана ғана сарылдап ағып тұрған судан тамшы да білінген жоқ.

 

Көне темір қамау терімізді сықты

Күн түс әлетіне таяп қалған. Сан­тех­никтің қалта телефоны безілдей жөнелді. Бесінші қабатта тұратын қария екен. «Су неге жоқ?» дейді салған жерден. Сантехникке осылай дөрекі сөйлейтін замандастарымыз да бар екен. Әрине, төзімділік таныту керек. Есекеңнің мұндайға да еті үйренген, қарсы келіп, қабақ шытуға болмайды. Сантехниктің де қызмет этикасы бар.

Хош, өзіміз отырған бірінші қабат­тағы кранның мойнын босатып көрдік, су келіп тұр. Ал жоғар­ғы қабатта су жоқ. Бұл шудың басы жертөледе болып шықты. Жатақ­ха­наға су әкелетін құбыр­дың жеті-сегіз­дей метр бөлігі орна­тыл­ғалы ауыс­ты­рыл­мағаны көрініп тұр. Әбден тот басқаны сон­ша­лық,­ су жүр­гі­зетін тесігі бітелуге айналған. Ес­кен­дір­дің сөзіне сенсек, зор қарқынмен келетін судың осы тұстан ағысы баяулап, бесінші қабатқа жете алмай қалады екен. Тот басқан құбырдың орнына кейінгі кездері игілікке жарап тұрған пластикалық құбырды жалғаған жөн. Бұл жұмысқа ең қажеті – «үтік». Шалбарымыздың қырын шығарып, көйлегіміздің қыртысын жазып жүрген үтік емес, пластикалық құбырдың үтігі. Құрылымы да қарапайым мұның. Ұзындығы үш қарыстай тұтқаның басына құбыр тесігінің диаметріне қарай қос сақинаны іле саласыз. Содан кейін екі жүз градусқа дейін қыздырып, пластикалық құбырдың жалғанар басына әлгі сақинаны кигізіп, ерітесіз. Икеміңізге қарай иіліп, майысып тұрған пластикті тек тез арада қажетіңізге жарату қажет. Суып қалса, кәдеге жарамай қалады. Яғни, мұнда да ептілік керек ең алдымен.

Бұл жұмыста тот басқан құбырды кесу көп уақытымызды жеді. Кежір-бұжырланып кеткен шойынға кескіш құралдардың бірінің тісі батар емес. Ескендір әупіріммен тілін тапты, әйтеуір. Көмекке біз жұмылсақ та, көне темір біразға дейін міз бақпай, ақ тер-көк терге малындырғаны рас.

 

Алтын қол нәжісті де ұстайды

Қыстың қысқа күні жантая жылжып, көкжиектен құлап барады. Сарышұнақ аяз қайта қаһарына мінгендей, тон кигенді де тоңдырады. Манағы жұмыстан кейін демімізді басып отырғанымыз сол еді, суыт хабар тағы жетті… Жатақханада төрт бөлмеге бір дәретханадан ғой. Иә, төрт шаңырақтың дәретханасы істен шыққан. Кепкісін қисайта киіп, құрал-сайманын құшақтай жеткен Есекең «унитазды жаңасымен ауыстыру керек» деп шешті, өйткені сынып кеткен. Бұл жұмыс барысында сантехниктердің алтын қолы нәжіске де бата беретініне көзіміз жетті. Сынған унитазды алу кезінде қолқаны қапқан иіске де шыдап тұру мүмкін емес. Ал Ескендірдің күнделікті жұмыстарының бірі осы…

«Мамандығым сантехник болғаннан кейін, өзіме тиесілі кез келген жұмыстан қашпаймын ғой. Бірақ кей тұрғындардың жұмысыма бейберекет араласып, мазаны алатынын жақтырмаймын. «Мынаны неге бүйтпейсің, неге сөйтпейсің?» деп ақылгөйситіндер көп. Бұл жұмысқа тек кедергі жасайды» дейді Есекең. Онысы рас, бір бөлменің құбырын жөндеу үшін бүкіл жатақхананың суын тоқтатуға тура келеді кейде. Осындай шақта тұрғындардың көпшілігі сантехникке түсіністікпен қарамай, сансыратып, шаршатып жатады.

 

P.S. Мылтықсыз аңшыны көзімізге елестете алмаймыз. Бірақ сайманы кем сантехниктерді байқап қалатынымыз рас. Әрине, ұяты өздеріне. Мұндайға жауапкершілікпен қарайтын Ескендірдің он сайманы орнында. «Құбыр жарылып, жұрт абыр-сабыр болып жатқанда құралым жоқ еді деп құралақан болғым келмейді. Сондықтан, ПИК-те жоқ бүкіл керек-жарағымды қалтамдағы қаржыдан сатып алдым» деп ағынан жарылады ол. Әне, қалта телефоны тағы безілдей жөнелді…

Асхат РАЙҚҰЛ

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды